Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Күнә және сауап
25 қаңтар, 2021 жыл 2031 Басып шығару нұсқасы

Әлемді жоқтан бар еткен Алла тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын және адамдардың асылы, пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауаттар мен сәлемдер болсын!

 

Алла тағаланың жаратылысы адамды қайырлы іске де, қайырымсыз тас жүректікке де жақын етті. Бұл сипаттарсыз өмірдің де мәні болмас еді. Пенделердің жақсылыққа да,  жамандыққа үйір болып, бірі сауап жинауға тырысса, екіншісі күнә арқалайды.

Көптеген жастар күнә іс дегеннің не екенін біле бермейді. Діннен алыстау келетіндері, күнәлі іс деп кісі өлтіру, ұрлау, шошқа малын жеу секілді бірлі жарымды әрекеттерді айтады.

Негізінде, «обал» – Ислам шариғатынан  алынған сөз. Оны құрайтын түбір сөздің мағынасы «Мақайисул – луғат» деген сөздікте «бір нәрсенің өте қатты күшейтілуі», «бір нәрсенің жинақталуы» деп білдірілген. Араб тілінде «нөсерлеп, қатты жауған жаңбыр» да кейде осы обал деген сөзбен аталады. Ал енді шариғат терминологиясында «обал» деген сөз «артында өте ауыр азабы бар іс-әрекет, күнә, қылмыс, азғындық» деп түсіндіріледі. Қасиетті Құранда: «Олар жасаған істерінің обалын тартады» деген аят бар. («Хашыр» сүресі, 15-аят). Бұл аятты мұсылман ғалымдары «Адамдар жасаған күнәлі істерінің жазасын бұл дүниеде де, ақиретте де тартады» деп түсіндірген. Міне, осы жағдайды жақсы ұғынған бабаларымыз жастардың құлағына «обал» деген ұғымды құйып отырған. Нанның қиқымын шашсаң обал болады, күшікті немесе мысықты бекерге қинасаң обал болады, малды ұрып-соқсаң обал болады, көктеп тұрған бұтақты сындырсаң обал болады. Бұл, әрине, жас балаларға үйретілетін обал категориясы болатын. Ересектерге келгенде, обалдың аясы мен шеңбері кеңейе түседі. Адамдарға қиянат жасау, малын ұрлау, қызын зорлау, артық асты далаға төгу – бәрі де обал категориясына кіреді. Кезінде, апа-әжелеріміз «ойбууй, обал-дағы-ай!» деген сөзді өте көп айтатын. Өйткені олар шариғатты білетін, жүректері жұмсақ болатын, Алладан және ақиреттен қорқатын. 

Алланы, пайғамбарларды, сахабалар мен игі жақсы құлдарды жақсы көрсін деп берілген сезім кейде адамды түрлі қателіктер мен күнәға қарай жетелеп кетуі ғажап емес. Осылайша адам көп қате жасағыш болып шыға келеді. Сол қателіктері үлкен күнәларға апарып жатады. Ал, енді мұсылман адамның міндеті сол – күнә мен қателі істерге аяқ баспау. Себебі, күнәлар адам табиғатын өзгертіп жібереді. Алланың тап-таза парақтай пәк етіп жаратқан рухы мен жүрегі күнәлар арқылы бұзылады, бүлінеді. Күнәны көп жасау арқылы адам өзінің таза, пәк табиғатын сақтай алмай қалады.

Сол себепті, нақты қандай істер күнә болатыны туралы қысқаша тоқталсақ:

Ең ауыр күнәлар:

Күпірлік.

Екіжүзділік.

Аллаға серік қосу.

Діннен бойын алыс ұстау.

Өзін-өзі өлтіру.

Дененің күнәлары:

Денені инемен тесіп бейнелеу.

Ердің әйел кейпіне, әйелдің еркек кейпіне енуі.

Дене мүшесін өзгерту.

Ер адамның жібек матаны және алтыннан жасалған зергерлік бұйымдарды тағуы.

Исламда адамның 7 мүшесі күнә істейді екен. Олар: көз, құлақ, тіл, қолдар, аяқтар, қарын және жыныс мүшелер.

Көздің күнәсі:

Нәпсіқұмар көз.

Әурет жерлерге қарау.  Әйелдер үшін бет жүзі мен қолдың саусақ бөлігінен басқа жерлері әурет болып саналады, ал, еркектердің әурет жерлері кіндік пен тізе арасы.

Адамға жеккөрінішпен қарау.

Өзгенің мүлкіне ұрланып, қызғанышпен, іштарлықпен қарау.

Құлақтың күнәлары:

Тыңдауға қажеті емес боп саналатын әңгімені тыңдау.

Тыйым салынған әуендер мен дыбыстарды тыңдау.

Өсек, ғайбат сол секілді және т.б. тыңдау.

Тілдің күнәсі:

Қарғыс.

Жалған сөз.

Қатты дауыстап жылау, айқайлау және марқұмды жоқтау.

Жалған куәлік ету және өтірік ант беру.

Табалаушылық.

Келемеждеу, масқаралау.

Жазғыру, сөгіс айту.

Өсек, ғайбат сөз айту.

Қолдың күнәсі:

Мөлшерден кем өлшеу. Салмақтан ұрлық жасау, яғни нақты мөлшерін немесе көлемін жасыру.

Ұрлық, қарақшылық.

Кісі өлтіру.

Біреуге соққы жасау, мүгедек қылу, малды ұрып-соғу.

Парақорлық.

Құмар ойындарын ойнау.

Құмарлықпен қарама-қарсы жыныс өкілінің бетінен сипау, жақындасу.

Жаны жоқ мүсін салу, тас құдайларын салу.

Айтуға тыйым салынған сөздерді жазу.

Аяқтың күнәсі:

Жолдасының рұқсатынсыз сапарға шығу.

Құлшылық етушінің алдын кесіп өту.

Әйелдің, құлдың, қарызгердің және т.б. қашып кетуі.

Тәкәппарланып немесе даңғойланып жүру.

Қарынның күнәсі:

Харам жолмен, яғни ұрлықпен, өсімқорлықпен табылған заттан істелген тағамды жеу.

Естен тандыратын немесе уақытша дене рахатын сездіретін спирттік ішімдіктермен басқа да нәрселерді пайдалану.

Шарият бойынша тыйым салынған жануарлардың (шошқа, өлік малдың еті, жыртқыш аң еті, құс еті, Алланың есімі айтылмай сойылған мал еті) етін жеу.

Жыныс мүшелерінің күнәлары:

Некесіз бірге болған жанның әрбір әрекеті (екі жастың бір-біріне нәпсіқұмарлана қарауы, төсектес болуы) күнаға апарады.

Некесіз қосылу.

Жоғарыда көрсетілген тізімге сүйенген жанның бойы күнәдан таза болары хақ. Әрбір істелген амал өмірдің заңдылықтарына сүйенуі шарт. Ал, біздің өмір Алланы тану! Алдағы күндері сауабы мол істер жайлы мол ақпараттар жазатын боламыз.

Өкінішке қарай, бүгінде түрлі-түрлі обал істі жасап алып, бедірейіп түк болмағандай отыра беретін безбүйректер әр жерден қылаң бере бастады. Мұның алдын алмасақ, бүгін де, ертең де жақсылыққа жете алмасымыз хақ.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Барлық адам қателеседі, бірақ қателесушілердің арасындағы ең жақсысы өз қателігін мойындап тәубеге келгені» деген.

Сауап та мұсылман дінінде ең маңызды орындағы ұғымдар қатарына жатады. Сөздіктерде «сауап» сөзінің түбірі «қайту, оралу» деген мағыналарды беретіні айтылған. Араб тілінің түсіндірме сөздігінде бұл сөзге «түпкі табиғатына қайту» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғатта «жасалған жақсылық үшін Алла тарапынан берілетін қарымта сый» деген терминдік мағынада қолданылады. Алла разылығы үшін жасалған әрбір жақсы іс сауап болып есептеледі. Мысалы, кұлшылық жасау, сабақ оқу, ғылыммен айналысу, біреудің қажеттілігін өтеу, қарыз беру, сәлемдесу, аш адамды тойдыру, шөлдегенге сусын беру, кішілерге қамқор болу – бәрі де сауап істер қатарына жатады. Сондықтан елімізде «сауап үшін» дегенде, жақсылық жасаушы ақша, төлемақы күтпейді. Өйткені ол ісінің бұл дүниедегі көзге көрінбес берекесі мен ақиреттегі шексіз мол сыйын Алладан күтеді.

Ал енді сауабы мол және ол ақырет күніне дейін үздіксіз жүріп тұратын ізгілік амал бар десек, не айтар едіңіз? Әрине, бұған адамның қызығушылығы туады. Өзіңіз тірі кезіңізде жасаған ізгі амалдың сауабы бақилық болған соң да жазылып тұратын амалға кім қызықпас? Дәл сол сияқты бір күні Алланың елшісі (с.ғ.с.) сахабалармен отырған уақытта:

– Адам өлген соң оның үш амалынан басқасы тоқтатылады, — дейді. Қасындағы сахабалар таңырқап:

– Уа, Аланың елшісі! Ажалдың өзі тоқтата алмайтын ол не қылған үш амал? — деп сұрайды.  Сонда пайғамбар (с.ғ.с.):

– Біріншісі, жүріп тұратын садақасы; екіншісі, тастап кеткен пайдалы білімі; үшіншісі, өзіне дұға етіп отыратын тұяқ қалдырып кетсін», — деп айтады (Мүслим).

Хадисте айтылып отырған «жүріп тұратын садақа» – адамдар алғыс айтып, күнделікті пайдаланатын көпір көтеру, жол салу, мешітпен бірге құдық қазу, су құбырын жүргізу, қайырымдылық мақсатта емхана, асхана, мектептер салу. Адамдар бұл ғимараттарды пайдаланған сайын, сауабы солардың көтерілуіне демеушілік қылған азаматтарға, иелеріне, құрылысшыларға, жалпы соған себепші болған кісілерге жетіп отырады. Бұлардың сауабы мен марапаты бұл дүниеде һәм ақыретте беріледі. Бұл дүниеде адамдар олар үшін рақмет айтып, БАҚ құраларында аттары атталып, алғыс хаттар берілсе, ақыретте сауабы Жаратушының құзырында. Сонымен қатар, сауап еш азаймайды. «Жақсылық жасауға себепші болған адам, сол ізгі амалды жасаушымен тең» деген мағынада келетін Пайғамбардың (с.ғ.с.) былай деп айтқан мәшһүр хадисы бар. Сол сияқты дін исламда жамандыққа себепші болсаңыз, сіздің артыңыздан жамандық жасаған барлық адамдардың күнәсі сізге жазылады. Өйткені, сол нәрсеге себепші болған өзіңіз.  Сонымен, халықтың жақсы өмір сүруі үшін су құбырын жүргізу, балаларға жақсы мен жаманды, обал мен сауапты, оқып, жазу сауатын үйрететін білім ордаларын салу, әлеуметтік жағдайлары төмен отбасылары үшін жеңілдетілген немесе қайырымдылық емхана, асхана, дүкен салу, тіпті, ағаш отырғызу, көгалдандыру сияқты т.б. жұмыстар жасау – сауабы ақыретке дейін жетіп тұратын амалдарға жатады. Бастысы – ниеттің шынайы болуы.

Мал-мүлік адамға сақтау үшін емес, жұмсау үшін берілген. Мұқтаждықтан артығы қайырымдылыққа жұмсалуы қажет. Хазреті Әбу Умама (р.а.) пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) былай риуаят етеді: «Әй, адам баласы, жаныңдағы артық болғанын жұмса. Бұл сен үшін қайырлы. Ол заттарды сақтап қоюың сен үшін зарарлы. Зәрулік заттар үшін айып жоқ. Бергенде жанұяңа жақын жандардан баста. Үстіңгі қол астыңғы қолдан, яғни берген қол алған қолдан қайырлы» деген.

Құран Кәрімде 200 жерде Алла жолында садақа беру, мал сарп ету жайында баяндалады. Яғни Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау сауапты амал екені айтылады. 

Дініміздің тірегі бес парыз амалының сауабы көп және Алла Тағалаға ең ұнамды амал да парыз. Ешбір түнгі нәпіл намаз, күндізгі нәпіл ораза және қайыр садақа парыз деңгейіне жетпейді. Сонымен бірге, парыз және нәпіл құлшылықтың сауабын шынайы ниет пен ықылас көбейтеді. Бұл жайлы пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім мұсылмандығын ықыласпен орындаса, жасаған әрбір ізгі амалына оннан жеті жүзге дейін еселеп сауап жазылады. Ал, бір қате-күнә амалына бір күнә боп жазылады», – деген Бухариден келген хадисте. Сондай-ақ Айша анамыздан жеткен бір хадисте Алла елшісі былай дейді: «Амал дәптерінде Алладан кешірім тілегені жазылған құлдар қандай бақытты» делінген. Ендеше, бүгінгідей күнәсі көп, тәубесі аза уақытта баршамыз Алладан бір емес мың рет кешірім тілеуге мәжбүрміз. 

Алла Тағаладан сұрайтынымыз обал-сауапты білетін елдігімізен ажыратпасын.

 

Балқаш қалалық мешітінің имамы

                 Төлтаев Ербол Мұқанұлы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары