Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ықылас
26 қаңтар, 2021 жыл 1041 Басып шығару нұсқасы

Тілдік мағынада «ықылас» сөзі араб тілінен аударғанда бір нәрсеге адал болу, шынайы жүрекпен сол нәрсеге бекітілу деген мағынаны білдіреді.  Ықылас сөзінің терминдік мағынасына байланысты сан алуан пікірлер бар. Ардақты ғалым Имам Ғазали: «Ықылас дегеніміз амалдардың барлығы тек Алланың разылығы үшін арналуы, жүрегінің адамдардың мақтауына назар аудармауы әрі олардың сөгісінен қорықпауы» десе, Хузайфату Мағраши: «Адамның сыртқы амалына ішкі дүниесінің сай болуы» деп қайырған. Айтылған пікірді бір оймен түйіндесек, «Ықылас – Алладан басқа ешкімнің разылығын көздемеу, амалдарда шынайлық таныту» деген тұжырым жасауға болады.

          Асыл дінімізде ықыластың маңыздылығы ойып тұрып орын алады. Ықылассыздық адамды екі дүниеде де қор ететіндігі, адам ықыласы арқылы тақуалыққа жететіндігі жайлы пікірді қуаттайтын Құран аяттары мен хадистер жетерлік. Тіпті амалдың көп-аздығы емес, ықыластың болып-болмауына байланысты сауап  үлестірілетіндігі жайлы көп дәлелдер бар. Ардақты Аллаһ елшісі Мұхаммед (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) хадисте:

عَنْ اَبِى اُمَامَةَ الْبَاهِليِ قَالَ: .... فَقَالَ رَسوُلُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَمَ إِنَّ اللهَ عَزَّ وَجَلَّ لَا يَقْبَلُ مِنَ الْعَمَلِ إِلَّا مَا كَانَ لَهُ خَالِصًا وَابْتُغِيَ بِهِ وَجْهُهُ

 

           «Расында Алла Тағала шынайы ықыласпен тек қана Оның ризашылығын қалап жасалған амалдан басқасын қабыл етпейді»¹ деген. Осы хадистен ықыласпен шанның тозаныңдай ғана істелген амал, ықылассыз істелген көп істерден артық тұратынын аңғартады.

          Амалында ықыласы болмаған адам хақысында Аллаһ елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

من تعلَّم علمًا مما يبتغى به وجهَ اللهِ تعالى ، لا يتعلَّمُه إلا ليُصيبَ به عرضًا من الدنيا لم يجِدْ عَرْفَ الجنةِ يومَ القيامةِ 

          «Кімде-кім Аллаһ ризалығы үшін  іздену керек болған білімді тек дүниелік мақсатпен ізденсе, ол адам қиямет күні жаннаттың иісін де сезбейтін болады»² деген. Ықылассыз амал, сусыз құдыққа тең. Құдықта су көрінбесе, оны құдық деуге келмейді. Дәл сол секілді адамның амалында ықылас болмаса, оның амалы қабыл болмауы ықтимал.

         

Алланың ықыласты құлдарының алдында шайтанның да еш дәрмені жоқ. Себебі олар Алланың панасында. Ал ықылассыздар жайлы Құран Кәрімде ібіліс Аллаға:

قَال فَبِعِزَّتِكَ لَأُغْوِيَنَّهُمْ أَجْمَعِينَ* إِلَّا عِبَادَكَ مِنْهُمُ الْمُخْلَصِين

«Сенің ұлылығыңмен ықыласты құлдарыңнан басқасының бәрін аздыруға ант етемін, деді (шайтан)»³.

Жоғарыда айтылған дәлелдерге сүйене отырып, «ниеті тура емес адам екі дүниеде де жағдайы мәз болмайды» деп тұжырым жасауға әбден болады. Ықылассыз адам осы дүниеде орындаған амалын кемеліне жеткізе алмайды. Ықылассыздығы себебінен ізгі амалдарының ләзәтін сезінбейді.  Ал хадисте келгеніндей ахиреттегі жағдайы одан да мүшкіл.

Ықылас – ол кішкентай амалды үлкен амалға айналдыратын, ібілістің алдауынан, нәпсінің арбауынан сақтайтын, ниеттенген амал орындалмаса да, ниеті үшін сауапқа жеткізетін құны шексіз нығмет.

Бұл ізгі амалды халқымызда назардан тыс қалдырмаса керек. «Адал ниет аздырмайды, арамдық бойды жаздырмайды», «Пейілі жаман адамды, түйе үстінен ит қабар» деген мақалдар өзара насихат үшін қолданылды деп айтуға толық негіз бар. Жоғарыда айтылған мәтінді бір оймен тәмәмдасақ, Аллаһ елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аманат қылған, ата-бабаларымыз өсиет еткен ізгі амалды жадымызда сақтап, үзбей орындауға міндеттіміз. Себебі шынайы ықыластың осы өмірде де, ақыретте де сый-сыяпаты бары анық.

1   Нәсәи (3140)

2   Әбу Дауд (3664), Ибн Мәжә (252)

3   Сад сүресі 82-83

«Төлеутай ата» мешітінің имамы

Мусин Сайлау Жұмағұлұлы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары