Бұл өмір сынақ. Алла Тағала адамдар үшін бұл өмірді сынақ етіп берген болса, оның сыйы ретінде жәннатты жаратты. Ал жазасы ретінде тозақ жаратылды. Құран арқылы Жаратқан иеміз екі дүниеге қатысты барлық құлшылықты, адал мен арамды үйретті. Ақыретте өмір болатынын, әрбір адам Алланың құзырында бұл өмірдегі амалы үшін есеп беретінін және жақсы амалы үшін жәннәт, жаман амалы үшін тозаққа тасталатынын тайға таңба басқандай етіп ескертті. Аллаға бойұсынбаған, туралықты бұзықтықпен, адалды хараммен алмастырғандар, дінге қарсы шығып, исламды танымағандар, пайғамбарларға және ақыреттегі өмірге сенбегендер тозақтың жаханнамында отқа оранатыны шындық. Күнәһар мұсылмандар істеген күнәларінің деңгейіне қарай жәһәннамда жазасын тартып, жүрегіндегі иманының арқасында соңында жәннәтқа барады. Құранда жәһәннамның түрлі есімдері мен дәрежелері келтіріледі. Мысалы, Нар (от), Хауия (түскендердің көпшілігі қайтпайтын жер), Сайр (лаулаған от пен жалын), Лазза (түтінсіз от), Сакар (от), Хутама (қып-қызыл қарыған от) деген атаулар кездеседі. Бұлардың әрбірі тозақтың түрлерін білдіреді.
Тозақ туралы Құранда жан-жақты кеңінен баяндалған. Тозақтың отыны адамдар мен тастардан құралған. Тозақтың бірінші қабаты «Жаһаннам» деп аталады, оның азабы басқаларынан жеңіл. (Соған қарамастан) ол жерде оттан жасалған жетпіс мың дария бар. Дариялардың үлкендігі соншалық, жер мен көкті сол дарияға тастап, бір періштеге табу əмір етілсе, мың жыл іздесе де таба алмас еді. Зəбанилер (жаһаннамда қызмет атқаратын періштелер) өте үлкен болатын. Егер олардың бірі жер мен көкті аузының бір ұртына салса да білінбес еді. Ол дариялар толқынданып, қорқынышты дауыстар шығаратын еді. Егер сол дауыстан дүниеге кішкене дауыс жетсе, барлық жанды болмыстар жойылар еді. “Бұл қабат қай тайпа үшін?” деп сұрадым. Малик жауап бермеді. Қайта сұрадым. Ол үнсіз қалды... Жəбрейіл (алейһиссалам) Маликке: “Сенен жауап күтіп тұр” деді. Ол: “Мені кешіріңіз” деп өтінді. Мен “Не болса да айт, егер бүгін білуіміз мүмкін болса, бəлкім алдын алып үлгерерміз” дедім. Малик “Йа, Расулаллаһ! Сіздің үмметіңіздің күнəһарларына арналған, оларға мұндай қорқынышты жерден өздерін қорғасын деп насихат етіңіз. Денелерін осындай азапқа тартатын нəрселерден аулақ етсін. Ол күні мен күнəһарларға мейірімділік танытпаймын. Ақ сақалды қарттарына да, жастарына да шапағат етпеймін” деді.»
Сондықтан біз тура жолда болуымыз керек. Бұл қорқынышты тіпті елестетудің өзі қорқынышты.
Жәһәннам азабын тартып жатқандардың ішетіндері – ыстық қайнаған су мен қан аралас ірің болады. Тозақ олар үшін бейне бір зындандай болып, олардың дене бітімдері жанып біткен сайын ет пен тері қайта кигізіліп, мәңгілік азап шегеді. Осылайша Алланың әмірі мен тыйымдарына қарсы келгендердің жазасы адам айтқысыз ауыр болады. Бұның бәрі қасиетті Құранда айтылған: «Кәпірлер топ-топ болып тозаққа қуылады. Жәһәннамға келгенде, тамұқ есіктері ашылады. Тозақты басқаратын періштелер олардан: «Сендердің өз іштеріңнен Алланың аяттарын оқып беретін, бүгінгі жүздесу күні болатынын ескертетін пайғамбар болмады ма?» – деп сұрайды. «Ондайлар болған», - дейді олар. Бірақ азапқа ұшырау бұйрығы кәпірлерге тиісті болды. Тозақтың қақпаларынан кіріңдер. Тозақта мәңгі қалыңдар. Менменсінгендердің баратын орны құрысын! – дейді періштелер» («Зумар» сүресі, 71-72 аяттар).
Мұндай азаптан сақтану әрбіріміздің қолымыздан келеді. Ол үшін Алланың парыз еткен амалдарын орындап, бір Аллаға мойынсұнып, тура жолда жүру керек. «Тозақ отына беттері күйген сәтте олар: Әттең-ай, Алла және пайғамбарға неге бойсұнбадық? – деп өкініседі» (“Ахзаб” сүресі, 66 аят) екен тозақтықтар. Осындай өкініште болудан Алла сақтасын.
Алланың әмір мен тыйымдарын орындамаған, ақиқатты терістеген құл үшін тозақ азабы бірдей болмайды. Әркімнің жасаған күнәсіне сай тозақ қабатына тасталып, жазаланатын болады.
Адамды тозаққа апаратын жағдайдың бірі өзін өзгелерден артық көруі, кібірленуі. Міне, осының жазасы ретінде тозақта хайуаннан бетер, мазақ етер дәрежеде жазалайды. Ол өзгелерді қалайша қор санаса, тозақта да оны солай қор санайтындай жазаға тартады.
Жәннат пен тозақ жөнінде имам Тахауи: «Пенде жәннатқа Алла Тағаланың кеңшілігімен ал, тозаққа әділдігімен кіреді. Пайғамбарымыз (ﷺ) : «Алла Тағаланың рахымынсыз ешкім жәннатқа кірмейді,-деді. Сонда: Уа, Алла елшісі! Сіз де ме? – деді. Пайғамбар (ﷺ): «Иә, мен де. Тек егер Алла тағала рахымына бөлесе ғана», – деді. Сонымен қатар: «Пейіш пен тозақ жаратылып қойылған. Ол екеуі жойылмайды әрі ғайып болмайды. Шынында Алла Тағала пейіш пен тозақты жаратты. Және жәннат иелері мен тозақ иелерін де жаратты. Қалаған пендесін жәннатқа кіргізеді, бұл оның кеңшілігі болмақ. Әділеттілігіне сай қалағанын тозаққа кіргізеді...» (Тахауи ақидасы).
Күнәхарлардың баратын орны тозақ болса, мүминдер үшін жәннаттағы ең үлкен нығмет – Алланың разылығын алу мен Оның дидарын көру. «Тәубе» сүресінің 72-аяты да осыны меңзейді: «Алланың разылығы – (жәннаттың барлық нығметтерінің) ең үлкені. Міне, осы – ең үлкен табыс, қол жеткізушілік». Жәннат тұрғындары жұмсақ мінезді, ашық жарқын болады. Тұрғындары үшін ең басты игілік – Алла Тағала уәде еткеніндей, ең бір қайырлы жұма күнінде Оның дидарын көру!
Алла баршамызды Фирдаус жәннатына кіруімізді нәсіп етсін, өз рақымына бөлесін.
Түкетаев Ардақ Әділханұлы
Ақтоғай аудандық орталық мешітінің бас имамы
ihsan.kz
Пікірлер