Алланың пендесіне берген ең үлкен нығметтерінің бірі – өмір. Шексіз құдірет иесі Алла Тағала адамға азды-көпті ғұмыр беру арқылы сынайды. Бұл өмірде адамзат баласының алға қойған арманы мен мақсаты көп. Бірі бақ-дәулетті қаласа, бірі білім алуды, бірі жиһан кезіп, әр елді қызықтауды қалайды. Алайда, көзді ашып-жұмғанша жалт етіп өтетін қысқа ғана ғұмырымызда Алла парыз еткен құлшылығымызды орындап, Алланың мейіріміне, яғни мәңгілік өмірдегі жұмаққа лайықты түрде өмір сүру – әр мұсылманның алға қойған ұлы мақсаты. Мақсат қойып қана қоймай, соған жетуге әрекет ету – есті адамның ісі. «Алға қойған арман-мақсатымызға жету жолында не әрекет жасадым?», «Қандай жетістікке жеттім?», «Әрі қарай қандай кедергілерді еңсермекпін?» деген сынды сауалдарды өз-өзімізге қойып, есеп алу бір орында тұрмай, әрі қарай жылжуымыз үшін өте маңызды. Бұл туралы халқымыздың дана ойшылы Абай атамыз өзінің он бесінші қара сөзінде: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» - дейді. Расымен қазіргі ХХІ ғасырда ғаламтордағы өте көп ақпараттар ағыны бізге шын мәнінде қажет мәліметтерді ала алмауымызға әкеп соғуды. Желідегі жеңіл ақпараттарды алып, уақытымыздың қалай өткенін байқамай да қалып жатамыз. Ал Алланың Елшісі, сүйікті Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің Муаз ибн Жәбәлдан жеткен хадисінде: «Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір адам да орнынан тапжылмайды » деген. Мұндай хадистен әр мұсылман нәтиже шығарары анық. Біздің осы өмірдегі бар арманымыздың ең үстемі – жұмақ. Оған жету үшін өзімізге көп сауапты амалдар жасауымызды мақсат етіп қоюымыз қажет. Адам өзінің қашан өмірден өтетінін біле алмайды. Сондықтан әр күн бізге мақсатымызға бір қадам жасауға берілген үлкен мүмкіндік. Мүмкіндігімізді босқа жіберіп алмай, алға жоспар құрып, әрекеттенуіміз өзіміз үшін зор пайда болар еді. Алланың разылығына жетелер туған-туыстармен, көршімен арақатынасымызды жақсарту, мұқтаждарға көмек қолын созу, садақа беру, көбірек құран оқу, отбасымызға күлімдеп қарау сынды істерді жасардан бұрын басты мақсатымызды айқындап, «Алланың разылығы үшін» деп ниетімізді бекітіп әрекет етер болсақ әрдайым сауабы Алладан үзілмей жазылатынына сеніміміз кәміл болуы тиіс. «Әрекетке – берекет» деген дана халқымыз. Олай болса бүгінгі күннен бастап «Алланың разылығына, жұмаққа жету» деп мақсат қойып, әр сәтімізде сол мақсатқа жету үшін бар күш-жігерімізді сарп етуге жұмсауға тырысайық. Алла Тағала баршамызға алға биік мақсаттар қойып, мақсатымыздың шыңына жетіп, мәңгілік жұмақта жолығуымызды баршамызға нәсіп етсін!
Қаражал қалалық мешітінің бас имамы Советов Талғат
ihsan.kz
Пікірлер