Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Адал еңбек еткенің, Алла жолында жүргенің
04 наурыз, 2021 жыл 1476 Басып шығару нұсқасы

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

 

Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап, мал ізде.

Адал бол – бай тап,

Адам бол – мал тап,

Қуансаң қуан сол кезде...

 

Абай Құнанбайұлы, «Сегіз аяқ»

 

Ислам дінінде еңбек ету – ақша табу тәсілі ретінде ғана емес, құлшылық ретінде де бағаланады. Себебі, біздің өмірімізде бәрі байланысты: рұқсат етілмеген қызмет, еңбек түрі (мысалы, өсімқорлық) арам табысқа әкеледі, ал ол өз кезегінде біздің асқазанымыз арқылы бойымызға тарап, түптің-түбінде біздің барлық құлшылығымызға кері әсерін тигізеді. Демек, бастапқы ниетіміз – қызметіміз немесе тапқан ақшамыздың көлемі емес, Алланың разылығы болуы тиіс. Сонда біздің істеген ісіміз өніп, адал еңбегіміз арқылы тапқан табысымыз біздің үйімізге жай ғана материалдық әл-ауқат қана емес, береке алып келері ақиқат.

 

Құранның бір аятында:

 

«Әй адам баласы! Жер жүзінде болған халал, таза нәрседен жеңдер! ...» («Бақара» сүресі, 168-ші аят),

 

деп айтылса, келесі бір аятында:

 

«Және Алланың сендерге берген халал, таза несібесінен жеңдер. ...» («Мәида» сүресі, 88-ші аят), деп адал нәрсені азық етудің маңыздылығытуралы айтылады.

 

         Бірде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары үйінен ерте нәпақа іздеп шыққан төзімді әрі қайратты жас жігітті көріп: «Мына жігіт өзінің жастық шағы мен күш-жігерін Алла жолында жұмсаса еді», деп айтады. Сол кезде, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Егер ол үйінен өзінің балиғатқа жетпеген бала-шағасын асырау үшін шықса, ол Алла жолында. Егер ол шаңырағындағы қартайған әке-шешесін асырау үшін шықса, ол Алла жолында. Егер өзіне ризық іздеп шықса, ол Алла жолында. ...», деп жауап берген екен.

 

Жоғарыда келтірілген аяттар мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінен түйетініміз, дініміз бойынша рұқсат етілген іспен айналысып, еңбек етіп, адал нәпақа тауып жүрген бауырларымыздың барлығы да Алла жолында және олардың барлығына да Алланың қалауымен сауаптар жазылуда.

 

Сондай-ақ, егерде кәсіппен айналысу және еңбек етудің Раббымыздың алдында ешқандай дәрежесі болмағанда, Алла өзінің ең сүйікті, ізгі құлдары – пайғамбарлары мен елшілеріне еңбек етуде бұйырмас еді.

 

Бұл жайында Құранда былай айтылады:

 

«Әй пайғамбарлар! Таза нәрселерден жеңдер, игілік істеңдер. ...» («Му’минун сүресі», 51-ші аят).

 

Мысалы, ардақты пайғамбырымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көптеген пайғамбарлар секілді қой баққан. Өзге пайғамбарлар Зәкәрия пайғамбар (а.с.) сынды ағаш шебері болған. Дәуіт пайғамбар (а.с.) болса темір ұсталығымен айналысқан.

 

Дәуіт пайғамбардың (а.с.) басынан өткені бір оқиға, адал еңбектің адам өмірі үшін қаншалықты маңызды екендігінің айқын дәлелі.Бірде Дәуіт пайғамбар кедей адамның киімін киіп, халықтың арасына шығып, өзі туралы сұрастырмақ болады. Адамдардан «Дәуіт қандай кісі», деп сұрап жүрген кезде, адам кейпіндегі Жәбірейіл періште кездесіп: «Ол (Дәуіт) Алланың жақсы құлы, бірақ оның бір кемшілігі бар», деп жауап береді. Дәуіт пайғамбар: «Ол қандай кемшілік?», деп сұрайды. Сол кезде адам бейнесіндегі періште: «Оның өмірі мемлекеттің қазынасынан қамтамасыз етіледі. Алла болса, өздерін өзі қамтамасыз ете алатын құлдарын жақсы көреді», деген екен. Бұл жауаптан естіп, үйіне көңілсіз оралған Дәуіт пайғамбар көзіне жас алған күйде: «Иә, Раббым! Маған бір қолөнер үйренуді нәсіп қыл, сол арқылы өз нәпақамды табайын», деп дұға етеді. Жаратушы Алла оның дұғасын қабыл етіп, темірден сауыт жасауды үйретеді.

 

Көріп отырғанымыздай, мұсылман баласының ешкімге мұқтаж болмай, адал еңбектің арқасында өз-өзін қамтамасыз етуі –дініміз бойынша құптарлық әрі абзал әрекет. Осы мәселеге қатысты ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері де баршылық. Сол себепті, әрбір ісімізді Алланың атымен бастап, адал жолмен нәпақа табуға ұмтылайық ағайын.

 

Алла баршамызға дінімізде рұқсат етілген жолмен еңбек етіп, адал ризық-несібе табуымызды нәсіп етсін! Әмин!

 

Естай Айтуғанұлы,

 

Теміртау орталық мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары