Білім алу, сол білімің арқылы өзіңнің Отаныңа, туған еліңе шынайы, адал қызмет ету – әрбір мұсылманға парыз етілген. Шахтинск қаласының Нұр мешітінде діни сауаты бар, медреселерде оқып, білім алған мұсылман бауырларымыз, жеке өз басым тарапынан жастардың діни сауатын ашуда, қасиетті Құран Кәрімнің аяттарын, сүрелерін танытуда арнайы оқу курстарын ұйымдастырып, көп еңбек еттік деп айта аламын. Арамызда қариларымыз да баршылық. Бүгінгі мақаламда негізгі айтпағым «Білімді болу – мұсылманның діни міндеті» тақырыбында ой бөліскім келіп отыр.
Білім алу дініміз бойынша қайырымды. Мұсылман адам білім алуы тиіс. Дінімізде білім алу – құлшылық болып табылады. Құранды оқу мен оқығаныңды көңіліңе тоқу – құлшылыққа жатады. Өзге бірде-бір дін немесе діни сенім, ислам секілді білім мен ғылымға көңіл бөлмейді. Дініміздегі білімнің маңыздылығын пайғамбарымызға (с.ғ.с) алғаш түскен Құран аяттарына қарап, білуге болады. Аяттарда «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол, адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы, сенің Раббың аса жомарт. Ол қалам арқылы үйретті. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйретті», – деп айтылған.
Бұл аяттар арқылы Алла тағаламыз барлық адамзатты білім алуға, ақыл-ойын дамытуға шақырып тұр. Келесі бір сүреде «Күдіксіз көктерде де, жерде де белгілер бар. Сендердің жаратылуларыңда сондай-ақ жәндіктердің өрбіп таралуында нақ сенген ел үшін белгілер бар. Түн мен күндіздің ауысуында, сондай-ақ Алланың көктен жаңбыр жаудырып, өлгеннен кейін жерге сонымен жан беруінде және желдерді игеруінде түсінген елге ғибрат бар», – делінген.
Яғни, Алла осы белгілерді бізге көрсете отырып, оларды зерттеңдер, құпиясын ашыңдар дейді. Бұл дегеніміз діни білім ғана емес, жағрафия, астрономия, биология сынды өзге де ғылымдармен танысу, оларды оқу деген сөз. Сондай-ақ Құранда «Білетіндер мен білмейтіндер тең ба? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады» – деп аталған аятында білім иелерінің өзге адамдардан бір дәреже жоғары екендігін анық көрсетеді.
Бұл тұста Абай атамыздың «тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де бекершілік», – деген сөздері еріксіз еске түседі.Әл-Фараби, Әл-Кинди, Әбу Әли Ибн Сина, Әл Хорезми сияқты ғұламаларымыз дініміздегі осы ұстанымды бойларына сіңіріп, түрлі ғылым салаларындағы керемет жетістіктерге жеткен. Олар өмір сүрген кезең – Ислам ғылымының алтын ғасыры деп бекер айтылмаса керек. Сол кездегі мұсылман ғалымдары ашқан жетістіктер қазіргі ғылымның негізі болып табылады десек қателеспейміз. Сондықтан әрбір мұсылманға білім алу, өзгеге қайырымдылық көрсету, білімің арқылы елге қызмет етіп, пайдаңды тигізу – бұл үлкен сауап болмақ.
А.Ибраев, Шахтинск қаласының имамы
Пікірлер