Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Жұмсақ болу, қор болу деген сөз емес!..
09 наурыз, 2021 жыл 527 Басып шығару нұсқасы

Халифа Мәмун мен бір уағызшының арасындағы мына оқиға жұмсақтықтың уәжіп екендігін көрсетеді.

Бірде бір кісі Мәмунге ауыр-ауыр сөздермен уағыз айтады. Сонда Мәмун:

– Әй, адам, біраз жұмсақ бол! Алла Тағала сенен де жақсы кісіні (Мұса пайғамбар) менен де жаман біреуге (Перғауын) жіберген кезде жұмсақтық көрсетуге әмір етіп: «Оған сыпайы сөз сөйлеңдер! Мүмкін үгіт алар немесе қорқар» деген (Таһа, 44), – дейді.

Жұмсақ сөйлеу, жылы жүзді болу адам мен адамды жақындастырып, достыққа, бауыр-ластыққа шақырса, түксиген қабақ, тоңторыс мінез, қатқыл жауап, дөң айбат, не дөрекі сөйлеу – адамның мәдениеттен жұрдай екенін сездіріп, адамды адамнан суытады, көңілін қалдырып, өкпе-ренішке соқтырады. Сондықтан, адамдардың қайсыбір қылықтарына сабыр етіп, жұмсақ бола білсек, онан асқан мұсылмандық бола ма?

Алла Тағала Құран Кәрімде Пайғамбарына қарата былай дейді: (Ей, Мухаммед) Алла тағала тарапынан берілген мархамат себепті оларға (сахабаларыңа) жұмсақ сөзді болдың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болғаныңда еді, әлбетте, айналаңнан (бәрі де) тарқалып кеткен болатын еді. Сондықтан оларды кешір, олар үшін Алладан жарылқау сұра және істеріңде олармен кеңес (Али-Имран 159). Міне, осы аятқа зер салып қарасақ, Алла Тағала сүйікті Пайғамбарына (с.ғ.с.) жұмсақтықты бергенін міндет етіп айтып жатыр, және сол қалпында жүрісін жалғастыруына бұйырып отыр. Пайғанбарымыздың (с.ғ.с.) өзі де бір хадисінде былай дейді: «Жұмсақтық қай нәрседе болса оны көрікті етеді, ал қай нәрседен кетсе оны көріксіз етеді».

. Мұсылманшылықты ұстанған ата-бабаларымыз да халық арасындағы бауырмашылдық пен бірлікті, ынтымақ пен ағайындықты нығайтуда əрқашан жұмсақ мінезді болуды насихаттаған. Расында да жұмсақ сөйлеу, жылы жүзді болу адам мен адамды жақындастырып, достыққа, бауырластыққа шақырса, түксиген қабақ, түңкиген мінез, бырқыл жауап, дөң айбат не дөрекі сөйлеу – адамның жеке мəдениеттен жұрдай екенін сездіріп, адамды адамнан суытады, көңілін қалдырып, өкпе-ренішке соқтырады. Дөрекі сөйлеген адамға қандай жауап айту жөнінде хазірет Али: «Дөрекі адамға сөз қайтарам деп əуре болмаңыз. Өйткені оның басқа да дөрекі сөздері жетерлік. Жауабыңызға тағы сондай құлаққа түрпідей тиетін дөрекі жауап қайыруы мүмкін. Надан адамға əзіл айтып та бекер, найзадай сөзімен көңіліңізге қаяу салып, бойыңызды мұздатады», – десе, Абай атамыз да дөрекі адамдарға дəл сондай дөрекілікке салынып жауап берудің жөн еместігін білдіріп: «Ит тістеді екен деп, мен де барып итті тістесем, аузымда не қасиет қалады?!» – деген екен.

 Айшадан (р.а.): Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Жұмсақтық қай істе көрініс тапса, оған сән береді. Ал қандай да бір іс жұмсақтықтан жұрдай болса, ол істің сиқы кетеді», – деген. (Муслим)

Осы ретте әр істе жұмсақтық танытып, көркем мінезді болуды насихат етеміз. Жоғарыдағы оқиға аят және хадиспен үйлесіп жатса, біздің өмірімізді де неге пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезін үйлестірмеске?

 

 

Нұров Махмуд қажы Нурұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары