Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Сараң байлығына жүкші ғана
16 наурыз, 2021 жыл 875 Басып шығару нұсқасы

 

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

 

Қасиетті Құранда:

 

«Уа, Мұхаммед! Біз сені күллі әлемге теңдесі жоқ рақым етіп жібердік» [«Әнбия» сүресі, 107-ші аят], деп айтылады.

 

Бұл аят Жаратушы Алланың пайғамбарымызды (с.ғ.с.) көркем мінездің кемел үлгісін насихаттаушы ретінде жібергендігінің айқын дәлелі. Осыған орай, ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмметінің ғана емес, барша адамзаттың рухани кеселдерден арылу жолында барын салды. Алла елшісінің (с.ғ.с.) адам бойындағы ерекше ұнатпаған жағымсыз қасиеттерінің бірі – сараңдық еді.

 

Сараңдық – қолында барын бөліспеу, шамадан тыс үнемшілдік танытып, басқаларға көмектеспеу арқылы көрініс табатын жаман қасиет. Сөздерімізге дәлел ретінде, Мұса пайғамбардың (ғ.с.) заманында орын алған бір оқиғаны келтірсек.

 

Мұса пайғамбар (ғ.с.) қауымында Қарун есімді адам болған. Бастапқыда кедей болғанымен, Алланың қалауымен оған байлық бітеді. Дүниесінің көп болғаны соншалықты, кейбір деректерге сенсек, оның қазыналары сақталған қоймаларының кілттерінің өзі жүз түйеге жүк болыпты деседі. Жаратушы Алланың зекетке қатысты бұйрығын орындағысы келмей, сонымен қатар Мұса пайғамбарға (ғ.с.) нақақтан-нақақ жала жабады. Ақыр соңында, байлығының мөлшері және адамдар арасындағы беделіне масаттанып, сараңдық пен тәкаппарлыққа бой алдырған Қарунды мал-мүлкімен қоса жер жұтқан екен.

 

         Бұл қиссадан сараңдыққа бой алдырған адамдардың жазасының ауыр екендігін көреміз. Бұл туралы Алла Тағала былай дейді:

 

«Алланың кеңшілігінен өздеріне берген нәрселеріне сараңдық істегендер, олардың сараңдық қылған нәрселері, қиямет күні өздерінің мойындарына оралады. Сондай-ақ көктер мен жердің мирасы Алланікі. Әрі Алла олардың не істегендерін толық біледі» («Әли Имран» сүресі, 180-ші аят).

 

«Бұлар сондай сараңдық қылып, адамдарға да сараңдық бұйырады. Сондай-ақ олар өздеріне Алланың кеңшілігімен бергенін жасырады. Қарсы болушылар үшін; қорлаушы азап әзірледік» («Ниса» сүресі, 37-ші аят).

 

Сараңдық тек материалдық құндылықтармен байланысты емес. Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тағы кімдерді сараң санағанын білу үшін төменде келтірілген хадистерге назар аударайық:

 

«Сараң адам – менің атым атылғанда, маған салауат айтпаған адам» (Тирмизи).

 

«Ең сараң адам – сәлем беруден қашқан адам» (Табарани).

 

Сараңдыққа байланысты Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қағбаның көлеңкесінде отырған уақытта қасына бардым. Мені көрген кезде былай деді: «Қағбаның Раббысына ант етейін! Олар зиян шегеді», – деді.

 

– «Уа, Алланың Елшісі (с.ғ.с.), олар кімдер?», деп сұрадым.

 

– «Олар байлығын оңына да, солына да, алды-артына да осылай молынан беретін жомарттардың санатына жатпайтындар. Әттең, ондай дархан мінезді адамдар қаншалықты аз. Мынаны біліп қойыңдар, түйесі, сиыры, қойлары бар бола тұра зекетін бермеген әр адамның ақиретте сол малдары мастана алдарынан шығып, алма-кезек сүзгілеп, тұяқтарымен таптайды. Соңғысы бітер-бітпес алғашқы мал әлгі азапты және бастай жөнеледі. Бұл қорлық адамдар арасында үкім беру мерзімі біткенге дейін жалғаса береді», – деп жауап берді.

 

Көріп отырғанымыздай, сараңдық адам тағдырына үлкен әсерін тигізуі мүмкін. «Сараң байлығына жүкші ғана» деп ғұламалар айтпақшы, бұл жалған өмірдің өткінші екендігін, сондай-ақ қиямет күні бар дүние-мүлкіміз үшін сұралатынымызды ұмытпағанымыз жөн.

 

Қорыта келе, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жомарт – Аллаға, жаннатқа және халыққа жақын, тозақ отынан алыс. Сараң – Алладан, жаннаттан және ел-жұрттан алыс, тозақ отына жақын», деген хадисін басшылыққа ала отырып, баршаңызды сараңдықтан сақ болуға шақырамын.

 

Алла Тағала жүректерімізді дүниеқұмарлықтан, бойымызды сараңдық атаулыдан сақтасын деп тілейік! Әмин!

 

Естай Айтуғанұлы,

 

Теміртау орталық мешітінің бас имамы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары