Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!
Ғалымнан надан артпас ұққанменен,
Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен.
О-дағы қалыбынан аса алмайды,
Жауқазын ерте көктеп шыққанменен.
Абай Құнанбайұлы
Ислам діні сауат ашу, білім мәселесіне көп көңіл бөледі. Алайда, біздің бүгінгі қозғайын деп отырған мәселеміз білімнің пайдасы туралы емес, керісінше надандықтың зиянына қатысты болмақ. Қасиетті Құранда білім мен надандықтың қарама-қайшылығы туралы былай айтылады:
«Білетіндер мен білмейтіндер тең бе? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!» («Зумар» сүресі, 9-шы аят).
Сөздіктерге сәйкес надандық дегеніміз – білімнің болмауы, білімсіздік деп келеді. Бұл адам өмірінің барлық саласында – күнделікті өмірден бастап медициналық, әлеуметтік және діни өмірге дейін зиянын, кері әсерін тигізетін қасиет.
Мысалы, адам оқу және санау жағынан сауатсыз болса, еңбегіне адал емес сатушылар оған сапасыз, мерзімі өткен тауарды сатып, соның арқасында ол оңай олжаға айналуы мүмкін.
Медициналық тұрғыдан алғанда, жаңа ақпаратқа қызығып, шет тілдерін және басқа да білім салаларын үйрену арқылы миын үнемі дамытуға тырыспаған адам түрлі ауруларға шалдығуы ықтимал.
Адамның еш дайындықсыз, білікті дін қызметкерінің көмегінсіз діни білімді үйренуі – діни сауатсыздыққа әкеліп, ол өз кезегінде дәстүрлі емес ағымдардың торына түсудің бірден-бір себебі болуы мүмкін.
Жоғарыда келтірілген мысалдар надандықтың адам баласы үшін ғана емес, қоғам, тіпті барлық адамзат үшін үлкен қауіп екендігінің айқын дәлелі.
Қазақ халқының бас ақыны Абай Құнанбайұлы да өзінің «Отыз сегізінші сөзінде»:
«Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің», – дей келіп, оларға былайша анықтама береді: «Надандық – білім-ғылым жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Залымдық – адам баласының дұшпаны», деп бұл рухани кесел туралы ой қозғаған.
Ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы болса: «Біреу кедей болса, «Құдай кедей қылды», біреу жаман болса, «Құдай жаман қылды», біреу надан болса, «қайтсін, Құдай надан қылды» деу, мұндай сөздер Құдайды жамандаған болады. Не тапса, әркім өз пиғылынан, өз кәсібінен таппақ. Құдай ешкімді зорлықпен кедей қылмайды, ешкімді зорлықпен жаман қылмайды, ешкімді зорлықпен надан қылмайды. Құдай бермейтұғын сараң емес, сақтай алмайтын осал емес. Не кемшілік болса, пенденің өз пейілінен, өз осалдығынан», деп айтады.
Демек, надандықтың емі бар. Ол – дұрыс ниет және білім-ғылым. Білімді болу – әрбір мұсылман адамның міндеті. Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде де білім алудың маңыздылығы жайлы көптеп айтылады:
«Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді. Шынында, періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп, қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалым үшін міндетті түрде аспандағы әрі жердегі бүкіл нәрсе, тіпті судағы балық та, Алладан оның күнәларының кешірілуін тілейді! Ал, ғалымның қарапайым құлшылық етушіден артықшылығына келер болсақ, оның артықшылығы – аспандағы толық айдың басқа жұлдыздардан артықшылығындай. Шынында, ғалымдар пайғамбарлардың мұрагерлері, ал пайғамбарлар болса, өздерінен кейін динар да, дирһам да қалдырмаған, олар тек білімді мұра етті. Кімде-кім бұл білімді алса, онда ұлы сыбағаға қол жеткізді» (Тирмизи).
«Білімді талап ету әрбір мұсылманға парыз» (Ибн Мәжә).
«Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз».
Қорыта келе, надандық білімсіздік пен қараңғылықтан нәр алып, адам бойындағы асыл қасиеттерге көлеңке түсіретін жағымсыз қасиет. Дегенмен, білімсіз адамның бәрін надан деп қарастыруға болмайды.
Алла баршамызды білімсіздіктен, надандықтан сақтасын деп тілейік! Әмин!
Естай Айтуғанұлы,
Теміртау орталық мешітінің бас имамы
ihsan.kz
Пікірлер