Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Рамазанда берілетін садақа қандай?
20 сәуір, 2021 жыл 1977 Басып шығару нұсқасы

Садақа – қолында азын-аулақ ақша болса да, бере беруге болатын абзал іс. Мұхаммед Пайғамбар: «Малдарыңызды зекетпен қорғаңыздар, ауру-сырқаттарыңызды садақа беріп емдеңіздер, басыңызға келген бәлекеттерге де Алладан жалбарынып дұға етіп, көмек сұраңыздар» деген.

 Пайғамбар: «Алла Тағала тек таза, пәк нәрселерді қабыл етеді» деген. Садақа мұсылманды тазартады. Адамның күнәсін жойып, зиян және ауруларын кетіреді. Ол жүзеге асуы үшін садақа адал жолмен табылуы керек. Адамның ішіп-жегені харамнан болса, оның дұғасы қабыл емес. Демек, ондай садақа да пайда бермейді. Садақа адал түскен қаржыдан болуы керек. Ол рия болмауы керек. Хадисте жеті түрлі адам Алланың көлеңкесінде болады екен. Солардың біреуі оң қолымен садақа бергенде оны сол қолы білмегені. Садақаны нақты пайдасы білініп тұрғанда ғана көрсетіп беруге болады. Бұл амал өзгелерді осындай жақсылыққа шақыру, құлшынысын ояту тұрғысында болса ғана рұқсат етіледі. Құранда: «Ей, иманға келгендер! Тапқандарыңның және Біз сендерге жерден шығарып бергеніміздің жақсыларынан (садақа етіп) жұмсаңдар. Әрі көздерңді жұмып тұрып, болмаса өздерің де алмайтын нашар нәрсені жұмсауға талпынбаңдар. Әрі, Алланың аса Бай, өте Мақтаулы екенін біліңдер» («Әл-Бақара» сүресі, 267-аят).

Пітір садақа мұсылман жыл санауымен һижри екінші жылы жария етілді. Басқа садақалар мал-мүліктен берілсе, бұл садақа кісі басына берілетін болды. Пітір – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа. Бүкіл ел қуанып, тойлайтын мейрам күнінде пітір садақалары арқылы қажетті нәрселерін алып, кедейлер де жұрт қатарлы қуанып шаттанады. 2021 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 420 теңге етіп белгіленді. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (3580 теңге) немесе 4 келі құрмамен (7300 теңге) бергені жақсырақ.

Підия садақа Ислам дінінде бұйырылған белгілі бір құлшылықтың орнына төлем жасау. Яғни қазір рамазан оразасын нақты себеппен ұстай алмаған кісі оның өтеуі ретінде підия садақа бере алады. «Бақара» сүресі, 184-аятында: «Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек» делінген. Туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті, асқазан жарасы (язва), тыныс және жүрек демікпесі (астма) секілді сауығуына күдер үзген ауруға шалдыққан науқастар және жасы үлкен егде адамдар ауыз бекітуге шамасы келмесе, ораза ұстамайды. Оның орнына підия береді. Підия садақасы – ол орта есеппен бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның мөлшері қазіргі таңда 2500 теңге болып бекітілді. Бірнеше күннің підиясын бір адамға немесе бірнеше адамға бөліп бере алады. Дені сау кезінде тұтпаған рамазан оразасын оразамен өтейді, ал денсаулығына байланысты тұтпаған бұрынғы оразасының қазасын підиямен өтейді. Өйткені, підия беру үшін науқастың әлсіздік, сырқатты жағдайы өліміне шейін жалғасуы шарт [«Радд әл-мұхтар», 2/427.]. Рамазан айының қазасын өтей алмаған адам ажалы таяп, өлер шағында артындағыларға қалған малынан підия беруді өсиет етеді. Бұл өсиет марқұмның мал-мүлкінің үштен бірінен жұмсалады. Рамазан айының күн сайынғы оразасы үшін және қаза болған әр намазы үшін підия беріледі. Підияны өлі адамды жерлегеннен кейін беруге болады, бірақ жерлемей бұрын берген абзал. 

Ескеретін жайт, егер ораза үстаушыныі дерті уақытша болса, ол підия бермейді. Рамазан оразасының қазасын оразамен өтейді. Аяғы ауыр, бала емізушілер бұл санатқа жатпайды, яғни олардың ораза ұстауға мүмкіндігі бар. Сондықтан рамазан оразасын ұстайды немесе соңынан қазасын өтейді. Дені сау адам підия садақасын беріп, оразаның парызынан құтыла алмайды.

Алла Тағалам рамазандағы оразалармызды қабыл етсін!

 

Нуров Махмуд қажы Нурұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары