"Тура жолды қалай түсінеміз? Ол жолдан ауытқымай, түзу жүру мүмкін бе? Ол үшін бізге не керек?" деген сауалдардың жауабын ардақты Пайғамбарымыздың мына асыл сөзінен іздеп көрелік:
Алла елшісі (с.а.у) былай дейді:
«Алла тағала тура жолдың не екенін мынадай мысал бере отырып түсіндіреді: Тура жол - екі шетінде екі дуал орналасқан жолға ұқсайды. Екі дуалдың әр бірінде бірнеше ашық есіктері бар. Әр есікке желбіреген перде ілінген. Жолдың басында бір ескертуші, ал оның үстіңгі жағында (дуалда) тағы бір ескертуші тұр. Жолдың басындағы ескертуші: «Жолмен тура жүріңдер, қисық кетпеңдер!,-деп ескертіп тұрады. Пенде (екі жақта орналасқан) есіктердің бірін ашқысы келіп ұмтыла бергенде, үстіңгі жақта тұрған ескертуші оған: «Ұйбай-ау, ашпа оны! Аштың бітті, (өзіңді ұстай алмай) кіріп кетесің арықарай», - деп ескертіп отырады». Осыдан кейін сүйікті Пайғамбарымыз берілген мысалдарға былай деп түсініктеме береді:
«Мысалдағы жол ол - Ислам. Екі жанындағы ашық есіктер – Алланың тыйым салған нәрселері. Ілінген перделер – Алланың (жақсы мен жаманның арасын белгілеп сызып қойған) шегі. Жолдың бас жағында тұрған ескертушу ол - Құран. Ал оның үстіңгі жағында тұрған ескертуші болса, ол – әр мүминнің жүрегіндегі насихатшысы (періштесі яки ар-ожданы)»
Жалпы тура жол сөзінің мағынасы “жол көрсету, тура жолға бет бұру және ақиқатқа қол жеткізу” дегенді білдіреді. Термин ретінде болса, Алланың кітап пен Пайғамбарлары арқылы адамдарға жол көрсетуі және оларды осы жолға жеткізуі дегенді меңзейді. Алла Тағала өзін осы қасиетіне байланысты һәди деп атаған. Алладан басқадан жәрдем сұрап, ғибадат дұғасын жасау немесе Жаратушыдан өзгенің күші жетпейтін нәрсені сұрау – мүшріктік амал, яғни Құдайға көпе-көрнеу серік қосу. Бұл туралы Алла Тағала Құран Кәрімде бүкіл иман келтіргендерді былайша ескерткен: «Алламен бірге тәңір шақырма. Онда сен де азапқа ұшыраушылардан боласың» (Шұғара, 213) деген. Жаратушы Иеміз Тағала шексіз рахым-мейірімімен пенделерінің түрлі күнәларын кешірсе де, Өзінен басқаға жалбарынып, одан қажетін сұрап, табынуды ешқашан да кешірмейді. Хақ Тағала мұны күллі адамзатқа Құран Кәрім аяттарында және Пайғамбары (с.а.с.) арқылы қатаң түрде ескертіп өткен. Мысалы, Ниса сүресінде Жаратқан Иеге ортақ қосудың ең үлкен кешірілмес күнә екендігі нақтылы түрде айтылған. «Шындығында Алла Өзіне серік қосқанды кешірмейді, ал одан басқаны (басқа күнәні) қалаған пендесіне кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, ол қатты адасады» (Ниса, 116). Пайғамбар (с.а.с.) да өз хадистерінде қажетті бір Алладан сұрау керектігін баса айтқан. Дұға, медет тілеудің жай-жапсарын толық түсіндіріп өткен. Солардың ең бірегейі, төмендегі өсиет-хадисі. Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай деді: «Пайғамбардың (с.а.с.) артында келе жатқанда Ол (с.а.с.) маған: «Ей, балақай! Мен саған мына сөздерді үйретемін: Алланы сақта (яғни, жадыңнан шығарма), сонда Ол сені сақтайды. Алланы сақта, сонда оны алдыңнан табасың. Бірдеңе сұрасаң, Алладан сұра. Жәрдем тілесең, Алладан тіле. Бүкіл халық жиналып саған бір пайда келтірмек болса, тек Алла жазған нәрсені ғана келтіре алатындығын және олар саған бір зиян келтірмекке жиылса да, тек Алланың жазғанын ғана келтіре алатындығын білгейсің. Қаламдар көтерілді, парақтар кеуіп кетті (яғни, тағдыр тақтасына бәрі жазылды)», – деді. Термези риуаяты
Алла Тағала Құранда Өз құлдарына: «Біз сендерді аздаған қауіп-қатермен, аштықпен және мал-мүліктеріңнен, (жақын) жандарыңнан, өнімдеріңнен айыру арқылы сынаймыз...» («Бақара» сүресі, 155-аят) деп ескертеді. Алла айтса, қашанда ақиқат! Және мұнда бір жақсылықтың болуы да мүмкін. Мұндай жағдайды «жолым жабылып қалдыға» балап, балшы, балгерлерге бару қателік болады. Басқа жолды таңдағандар әрине адасушылар. Көңіліңізге уайым ұялатқан тығырықтардан шығудың оңай жолын іздеу керек. Оның оңай жолы Аллаға дұға ету. Дұға жасауды жақсы білген адам, уайымдап, мазасызданбауға лайық. Алла өте Жақын әрі Естуші, Қабыл алушы. Жаны қиналып, күйзелген адам жалбарынып дұға қылса, Ол қабыл алады. Қиындыққа ұшыраған сәтте бірден уайымға берілмей тұрып, алдымен мына дұғаны оқып алыңыз. «Я, Алла, шын мәнінде, мен Сенің құлыңмын. Сенің құлың мен күңіңнің ұлымын. Менің тағдырым Сенің қолында. Сенің шешімің маған міндет әрі маған шығарған үкімің әділ. Саған тән болған барлық есімдеріңмен, Өзінді атаған немесе Кітабыңда түсірген, немесе жаратылғандарыңның біріне үйреткен, немесе Өзіңнен басқаға құпия еткен барлық есімдеріңмен Өзіңе жалбарынамын: Құранды жүрегімнің көктемі, кеудемнің нұры, әрі мазасыздығым мен уайымымды әкетуші ете гөр!»Алла Тағала баршамызды тура жолдан тайдырмасын. Өзімізді және ұрпағымызды да тура жолда жүруші салиқалы құлдардан етсін.
Нуров Махмуд қажы Нурұлы
Бала қажы мешітінің бас имамы
ihsan.kz
Пікірлер