Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ысыраптан сақтану
20 сәуір, 2021 жыл 245 Басып шығару нұсқасы

Айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айына есендікте жеткізген Аллаға сансыз мақтаулар мен мадақтар болсын! Күллі әлемге рақым нұры болып жіберілген сүйікті Елшімізге шексіз салауаттар мен сәлемдер болғай!

Алла Тағала “Ағраф” сүресінің 31-аятында: “Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қылмаңдар, шындығында Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді” – деп, берілген нығметті қалауымызша тұтынуымызды, бірақ ысырап жасамауымызды ескертсе, Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): “Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер”, – дейді.

Аллаға ұнамсыз болған істердің бірі - осы ысырапшылдық. Өйткені, ысырапшылдық жеке тұлғаға, отбасына, қоғамға қауіп төндіретін, тірнектеп тапқан дүниенің түбіне жететін, бұл дүниенің өзінде де кесірін тарттыратын қатерлі дерт. Алла Тағала құлдарын кең мейірім, рақымымен сан-алуан нығметке бөлеген. Ішіп-жеу, киім-кешек, дүние-мүлік тәріздес нығметтердің барлығы Алла Тағаланың құлына сыйлаған ерекше сыйы. Ал адамзатқа жүктелген міндет – сол берілген сансыз нығметтерді жөнімен қолданып, астамшылық көрсетпей, ысырапшылдыққа жол бермеу. Себебі, берілген дүние-мүлік пәни дүниедегі тіршіліктің сәні ғана.

Ысырапшылдық алты ағайынды дейді. Ысырапшылдықтың бірінші бауыры – ақымақ адам. Көптеген адамдарды ысырапшылдыққа жетелейтін себептердің бірі де осы ақымақтық. Ысыраптың екінші бауыры – білімсіздік. Адам ысыраптың не екенін толық білмейді. Оны қайырымдылықтан, жомарттықтан айыра алмайды. Сөйтіп орынсыз, арам, құмар, зиянды жерлерге берген малын жомарттық деп ойлап адасады. Үшінші бауыры – риякерлік және малды басқалардың көзіне көріну үшін ысырап ету. Мені көрген жұрт «Туһ, мынау бай екен!», «Апырмай, мынау неткен дәулетті!» деп ойласын деген ниетпен малын орынсыз шашады. Ысыраптың төртінші бауыры – жалқаулық. Өзі еңбек етпейді, бірақ басқаның маңдай терімен тапқан малын жеңіл және рахаттанып шашқанды жақсы көреді. Сөйтіп жүріп, мал тапқан адамға ақыл айтады, ата-анасын сынайды. Бесінші бауыр – зерігу, рахат өмірден «жалығу». «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» демекші мына дүниенің рахат өмірінен  жалығып, іші пысып, көңіл көтеру үшін, нәпсі рахатына беріліп шектен тыс мал жұмсайды. Ысыраптың алтыншы бауыры – дінге де, дәстүрге де немқұрайлы қарайтын адам. Діндегі ысырапқа қатысты тиым салатын аят-хадистерге құлақ аспайды. Ертең сұрақ-жауап болады, «Есеп күнінде қалай есеп беремін?» деп ойланбайды. 

Алла Тағала бізді жақсылыққа шақыратын, жамандықтан қайтаратын қайырлы үмметтен қылғай!

 

Сәтбаев қаласы

«Балмағанбет Балқыбайұлы» мешітінің

ұстазы Бауыржан Амангелдіұлы

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары