Әділеттілік (арабша әдл) — әділдік, шыншылдық, турашылдық, дұрыстық деген мағыналарға саяды.
Әділдік — ізгіліктің ірге тасы. Аллаһ Тағала Құран кәрімде: «Расында, Алла әділдікті, Алланы көріп тұрғандай, ең болмаса Алланың өздерін үнемі көріп, бақылап тұратынын жадында ұстап игі істер істеуді және туған-туысқа қол ұшын беріп қарайласуды бұйырады. Сонымен қатар, арсыздықтан, жамандық атаулыдан және зұлымдықтан (яғни, біреуге зорлық-зомбылық көрсетуден, кісі ақысын жеуден) мүлдем тыяды. Ойналып-толғансын, ғибрат алсын деп Алла Тағала сендерге осылайша насихат айтып, жол сілтейді». – деп, Нахыл сүресінің 90-аятында келтіреді.
Әділдік – әр нәрсені теңдестіріп ұстау, хаққысын беру, бір істі орын-орнымен орындау, ақиқат жолында нық тұру дегенді білдіретін адам бойындағы көркем мінез. Абай атамыз «Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ» - дейді. Әділдік уақыт ағынында өзгеріп отырады. Алла Тағала қияметте осы Әділдік сипатымен адамдардың арасындағы ақысын алып береді. Тіпті мүйізді қошқарға мүйізсіз қошқарды сүзгені үшін ақысын өтетеді. Сол үшін де қиямет күні әділдіктің орнайтынын Алла Тағала Құран Кәрімде былайша сипаттайды: «Қиямет күні, туралық таразысын қоямыз да, адамдардың дүниедегі істерін түгелдей тартамыз. Ол күні ешбір жанға титтей де әділетсіздік жасалмайды. Істелген (жақсы-жаман) бір ұрық түйірінің салмағындай болса да оны әкелеміз. Біз жауапқа тартушылар ретінде жеткіліктіміз (яғни, Біздің жауапқа тартқанымыз әбден жеткілікті болады)» - дейді. (Әнбия сүресі, 47)
Алла Тағала عدل сипатымен сипатталған, яғни, әділетті. Дүниеде адам өмірін құлшылықпен, ғибадатпен өткізіп, Алла Тағаланың тыйғанынан тыйылып, бұйырғандарына бойұсынып күнә атаулыдан өзін аулақ сақтап бар уақытын Алла жолында жұмса са, енді біреуі Алла Тағаланың харам еткен амалдарын жасап, әмір еткен амалдарын ысырып қойып, төңірегіндегілерге зұлымдық көрсетіп зұлым адам болып өмірден өтуі мүмкін. Сол кезде адамдар біз уақытымызды, өмірімізді Алла жолында жұмсаймыз, ал олар болса өздерінің жан қалауы бойынша өмір сүріп зұлымдық жасап дүниеден өтіп кете салады, сонда әділдік деген қайда деп адамдардың ақылы әділдікті талап етеді. Расында, Алла Тағала әділетті және әділдікті жақсы көреді. Алла Тағала Құранда: «Залымдардың жасап жатқан амалдарынан Алла Тағала ғапылдықта (білместікте) деп ойламаңдар, Біз оларды сондай қорқынышты күнге (яғни, қиямет күніне)қалдырып қойдық» - дейді. Демек Алла Тағаланың әділдік сипаты бар ол қиямет күні орнайды. Себебі жоғарыда айтылған аятта қиямет күні әділдіктің орнайтынын және әділдідік таразысына әр-бір жасалған амалдың тартылатынын, оның есебі бар екенін баяндайды.
Алла Тағаланың әділдігі турасында Құран Кәрімде 300 аят кездеседі екен. Ал Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өсиеттерінде әділдік турасында не айтылған, Алла Елшісінің (с.ғ.с) өзі әділдік мінезін қалайша үлгі етіп көрсете білді, әділдік сиапты мұсылман адамның өмірінде қаншалықты маңызды екенін байқап мына бірқатар хадистерден көрейік. Ал әділдіктің өлшемі қандай екенін мына хадистерден аңғаруға болады: «Пайғамбарымыз заманында Бани Махзум тайпасының бір әйелі ұрлық жасаған болатын. Алайда бұл тайпа беделді рулардың ішінен шыққандықтан сахабалар Алла Елшісінен кешіруді өтінеді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с): Мұхаммедтің жаны қолында болған Алланың атымен ант етейін, тіпті Мұхаммедтің қызы Фатима ұрлық жасаса да қолын кесіп, жазасын берер едім», деген болатын. Тағы бір хадисте: бірде Алла Елшісіне (с.ғ.с) бір бәдәуи қарызын сұрап келіп, дөрекілік көрсетіп дереу қарызымды төле дейді. Сонда сахабалар: Сен кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білесін бе? – деп ашуланаған кезде, Алла Елшісі (с.ғ.с): «Сендер қайта ақысын талап етушіні жақтау керексіздер ғой», – деп әділдікке үйреткен болатын. Джабир ибн Абдулладан жеткен хадисте: «Алла Елшісі бір ғазауаттан соң олжаларды бөлу кезінде, бір адам: «Я Мұхаммед әділ бол, өйткені әділдік жасап жатқан жоқсын, – деген болатын, Сонда, Алла Елшісі: Егер мен әділ болмасам, менен әділ кім болмақ?» – деді. Жалпы ислам дінінде әділдіктің үш өлшемі бар: Алланың құзырында әділ болу, өзіңе әділ болу, өзгеге әділ болу. Яғни, біріншісі тек Аллаға ғана құлшылық жасап, дұға қылу. Бұйырғанын орындап, тыйған амалдардан тыйылу. Алланың берген ризығына разы болып, сынақтарға сабыр ету. Екіншісі, Раббымыздың берген денсаулығына, дене болған аманатына қианат жасамау. Ар-ожданды қорғау. Үшіншісі, тілмен, қолмен өзгеге зиян тигізбеу, біреудің ақысын жемеу. Осы аталған үш әділдікті берік ұстаған адам Алланың разылығына жетіп, өмірде де, ақыретте де бақытқа кенеледі.Сол үшін де Алла Елшісі: «Қиямет күнінде әділ болғандарға Алла Тағала нұрдан жасалған таққа отырғызады», – деген. Алла Елшісінің (с.ғ.с) әділдігін қарап отырып, ғалымдар әділдік етуде мына теңеулер кірмейтінін айтқан: Махаббат пен кек араластырылмайды. Туыстық қарым-қатынас ескерілмейді. Бай-кедей, күшті-әлсіз болып бөлінбейді. Демек Ислам діні адамды тек қана туралыққа тәрбиелейтін дін екенін бір ғана әділдік қағидаттарынан біле аламыз. Алла Тағала бізді барлық жағдайда да әділ болуды нәсіп етсін.
Шет ауданы «Жанқұтты би» мешітінің ұстазы
Маханбетчин Қарубай Берікұлы
ihsan.kz
Пікірлер