Дін саласындағы заң нормалары түсіндірілді

Шет ауданында дін саласындағы заң нормаларын түсіндіру бойынша оқыту семинары өтті, — деп жазады karaganda-region.gov.kz. Шара барысында діни қатынастар мен діни экстремизмге және терроризмге қарсы әрекеттер жайлы сөз қозғалды.
Семинарға келген 100-ден астам қатысушы Ақсу-Аюлы ауылының мәдениет үйінде жиналды. Олардың ішінде мемлекеттік қызметшілер, ауылдық округ әкімдері, имамдар, учаскелік полиция инспекторлары және аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері болды.
Семинарды аудан әкімінің орынбасары А.Әбілдин ашып, жүргізіп, өткелі отырған семинардың мән – маңызын айта келе, аудандағы және жалпы еліміздегі бүгінгі діни ахуалға тоқтала кетті. Сонымен бірге, ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.М.Ақымжанов дін саласы бойынша ауданда атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндама жасады. Келесі кезекте семинарға арнайы шақырылған заңгер А.С.Алиленов дін мен заң байланысы туралы слайд арқылы ақпарат беріп, «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің теологі А.Қ.Әбдірашев бүгінгі күнгі діни теріс бағытта жүрген азаматтар және теріс ағымға кетудің жолдары мен оларды дұрыс бағытқа әкелу әдістері, экстремизм бағытында жүрген тұлғалардың таза дін жолында жүрген мұсылмандардан айырмашылығы және т.б. көптеген дін саласы бойынша құнды ақпараттар берді.
Жалпы басқосу еркін түрде көпшілікпен диалог түрінде өтіп, жиынға қатысушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын тиісті мамандарға қойып, мардымды жауаптар алды. Сондай-ақ, семинар барысында елімізде тұрақты конфессияаралық қатынасты қалыптастыру, діни экстремизмнен келетін қауіптің алдын-алу мәселелері мен оларды шешу жолдары қарастырылып және ұсыныстар жасалды.



 

 

 

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін