Тілдік нұсқа
Радио
СЕРІКБАЙ ҚАЖЫ ОРАЗ
1975 жылы  12-сәуірде дүниеге келген.  Білімі: 1990-1992 жылдары Ташкент қаласында қарилар дайындайтын медресені тамамдаған. 1992-1994 жылдары Мысырдағы Аль-Азһар университетінде оқыған.1995-1996 жылдары Исламабадтағы Әлемдік университетінде білім көтерген. Алматы мемлекеттік Абай атындағы университетінде заң факультетін сырттай бітірген. 2012-2014 жылдары М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық ...
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Бас мүфти: ҒАЛАМТОР ҰСТАЗДЫҢ ОРНЫН БАСА АЛМАЙДЫ...
06 наурыз, 2017 жыл 1359 Басып шығару нұсқасы

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти

 

Бүгінде алысты жақындатып, жақыныңды алыстатқан ғаламторға   қатысты сұрақ та,  мәселе де  көп. Біреулер үшін  бұл жаңа танымдық мүмкіндіктер есігі, екіншісіне  күнкөріс көзі, ал басқаға алтын уақытын жоғалтатын ысырап «мекені».

Жалпы, ғаламтордан жақсыны да, жаманды да  табуға болады. Сондықтан, ғаламтор игіліктерін жөнімен қолдансаң қасиетің, жөнсіз қолдансаң қасіретің. Пайдалы жақтарын тізер болсақ, жылдам ақпарат алмасу, алыстағы ағайынмен байланысу, танымдық мүмкіндіктер, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі, кәсібің бойынша біліктілікті арттыру сияқты толып жатқан игіліктерді атауға болады. 

Алайда, атам қазақтың:  «Көзден кетсе, көңілден кетеді демекші» өмірдегі адамгершілік пен сезімге негізделген шынайылықтан барған  сайын алыстап жатқандаймыз.  Бұрындары қияндағы туысыңды әдейі іздеп барып, арқа-жарқа болатын алаштың баласы бүгінде бірге туған бауырымен көзді ашып жұмғанша әлеуметтік желі арқылы тез хабарласып, жағдай сұраса салу әдетке айналды. Ет жақының кіммен араласып, қандай өмір сүріп жатқанынан да көпшілігіміз хабарсызбыз. Қонаққа барын қойған  қазақтың баласы  мейманды үйіндегі дастарханына шақырмай,  бала-шағадан алыстау дәмханада кездесуге көшті.  Достарымыз да босағамыздан сирек аттайтын болды. Бір сөзбен айтқанда виртуалды әлемге байланған сайын шынайылықтан  алыстап, игі қасиеттерімізді жоғалтып барамыз. Табиғаттың тылсым дүниелерін экраннан тамашалап, құбылыстың қасиетін сезінбейтін болдық.

Ойын алаңдарында балалар сиреп, ойынханалар көбейді. Әлеуметтік желіні  байланыстың құралы ретінде пайдалансақ құптарлық шаруа. Алайда,  көпшілігі   ішкен-жегенін көрсетуден  ары бара алмайтын жеңіл жарнаманың алаңына айналдырды.  Бүркеме атпен аккаунт ашып, қоғамның ашуына тиіп бірлікке сына қағатындар пайда болды. Билікті даттап, дінді қаралайтындардың қатары артты. «Айтылған сөз атылған оқ» деген бабалар сөзі құнын жоғалтып, интернеттегі жазбалардан жауапкершілік кетті.    Ғаламторды саяси мүдделері үшін пайдаланатындар айрандай ұйып отырған елдердің шаңырағын шайқалтқанын көзіміз көріп жатыр.

Ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың таңы енді атқанда, басымызға қонған бақты ұшырып алмау үшін алынып жатқан ақпараттың сенімділігіне баса назар аудару ұлттық қауіпсіздігіміздің кепілі десек қате айтқандық болмас.

Дәстүрді танымымызға, ата сенімімізге селкеу түсіріп, алды саяси соғысқа аттанған жастарды арбау да көбіне осы интернет арқылы жүргені әмбеге аян. Осы ретте, интернеттен діни ақпарат алуда, оның ішінде діни білім алуда аса сақ болуға үндейміз:

Біріншіден, діни білімді ғаламтордан алу арқылы діни-радикалды идеологияның ықпалына түсіп қалуыңыз мүмкін. Бүгінгі таңда бүкіл әлем жұртшылығын алаңдатып отырған ДАИШ сынды жат идеологияның басты ақпарат тарату орны, ол – интернет. Түрлі сайттар мен форумдар, қала берді әлеуметтік желілер арқылы дінге сусаған жастарды өз сапына тартудың басты құралы деп білетін лаңкестер  интернет жетістіктерін тиімді пайдалануда.

Екіншіден, қайнар көзі белгісіз ақпарат жеңілтек қарауға, жауапсыздыққа жетелейді. Көк кит сынды ойындардың салдарын көріп отырмыз.

Үшіншіден, көкейде тұрған сұрақтарға толыққанды жауап ала алмайсыз. Ғаламтор жеке ізденіске бағытталғандықтан ақпарат алушының деңгейі ескерілмейді. Нәтижесінде көтере алмайтын жүкті беліне байлап алған талапкер ізденіс жасап жатқан саласын мүлдем тастап қояды немесе өз деңгейінде ғана түсініп, қателікке ұрынады.  

Төртіншіден, интернеттен білім алудың өзіндік салдары болады. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегендей білімді тәрбиемен ұштастырмаса болмайды. Интернет арқылы тәрбиелеудің тетіктері шыға қойған жоқ.

Бесіншіден, ұстаз бен шәкірт ара қатынасы жоқ. Ұстаз бен шәкірт мәуелеп өсіп тұрған ағаш пен оның кеңге жайылған тамыры сияқты бір-біріне етене байланысқан ұғымдар. Ұстаздың шәкірттен талап етуі, оның бойындағы артықшылықты тіпті де сәулелендіріп, кемшіліктерді өз уақытымен толықтырып отыруы бұлжымас әрі жазылмаған қағида. Алдындағы шәкірттің талап-тілегін, ынта-ыждахатын, деңгейі мен мінезін бақылап отырған ұстаз әр шәкіртінің қабілетіне сай білім береді. Сондықтан да, интернеттен алынған білім адамның танымын кеңейтуі мүмкін, алайда оған ілім болмайды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми ұстаздарынан алған жөн демекпіз. Ғаламтордың тек жақсы жақтарын кеңінен өмірімізге енгізе отырып, білімді һәм білікті, ең бастысы белгілі ұстаздан тәлім алған абзал. Оның аузынан шыққан әрбір сезімге толы сөзі, терлеп-тепшіп  тақырыпты түсіндіруі ғанибет емес пе?! Жанарыңнан жаныңды түсініп, көкейіңдегі сұрақты айтқызбай ұғатын ұстаздан алған ілімге ғаламтордың құрғақ ақпараты жете қоймас. Діни білімді медресе мен мешіттегі ұстаздардан алу керек деп топшылап отырғанымыздың мәнісі осы.  

Дегенмен, керемет қолжетімділігі үшін бүгінде көпшілік барша ақпаратын интернет арқылы алуға ынтық. Бүгінде Діни басқармаға қарасты жиырма сайтымыз жұмыс жасап келеді. Діни мағлұмат іздеген әрбір жанға қажетті ақпаратты таба алатындай мүмкіндіктер жасап жатырмыз. Технология деген бір орында тұрмайтындықтан, сайттарымыз бен интернеттегі насихатымызды үнемі жетілдіріп келеміз. 

«Баласын медресеге біл деп берген» Абай атамыз бұл түйіннің түйткілін осы бір өлең тармағымен шешіп беріп отырған сыңайлы. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оқуды үйреткен Жәбірейілді (ғ.с) оның ұстазы деп топшылауға болады. «Оқы!» деп басталған Қасиетті Құранның алғашқы уахиына ой жүгіртер болсақ, Алланы таныған білім иесінің Жаратушы алдындағы құрметі мен беделінің қаншалықты жоғары екенін байқаймыз. Сондықтан, Алланы еске алып елжірейтін жүрегі мен Оны ұлықтар тілі жоқ «көк сандықты» емес, білікті маманды ұстаз еткеніміз жөн...

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    Жоғары