Биыл жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы еліміз бойынша бір ай бұрын басталды. Шара 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
Қарағанды облысының білім басқармасы мемлекеттік органдарды, кәсіпорындарды, ұйымдарды, жеке кәсіпкерлерді және жанашыр қарапайым халықты балаларға жаңа оқу жылына дайындалуға көмектесуге шақырады. Оларды киім-кешекпен, мектеп керек-жарақтарымен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз ету қажет. — Биыл «Мектепке жол» акциясы «Жүректен жүрекке!» ұранымен өтеді. Оның мақсаты – аз қамтылған отбасынан шыққан оқушыларға көмек және қолдау көрсету.
Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен болуы себептермен мектепке бара алмайтын балалардың мәселелеріне қоғамның назарын аудару, — деп түсіндірді Қарағанды қаласы білім бөлімінің бас маманы Ақыл Есенбеков. «Мектепке жол» акциясы Қазақстанда 2008 жылдан бастап ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен өтіп келеді. Қайырымдылық шара 2018 жылы «Мен балаларға көмектесуді таңдаймын!» деген ұранмен өтті. Былтыр Қарағанды облысында 25 000-нан астам оқушыға көмек көрсетілді.
Пікірлер