Тілдік нұсқа
Радио
СЕРІКБАЙ ҚАЖЫ ОРАЗ
1975 жылы  12-сәуірде дүниеге келген.  Білімі: 1990-1992 жылдары Ташкент қаласында қарилар дайындайтын медресені тамамдаған. 1992-1994 жылдары Мысырдағы Аль-Азһар университетінде оқыған.1995-1996 жылдары Исламабадтағы Әлемдік университетінде білім көтерген. Алматы мемлекеттік Абай атындағы университетінде заң факультетін сырттай бітірген. 2012-2014 жылдары М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық ...
ДӘСТҮРЛІ ИСЛАМ ТАРИХЫ МЕН ҚАЗЫНАСЫНЫҢ РУХАНИ ЖАУҺАРЛАРЫ
30 маусым, 2016 жыл 1802 Басып шығару нұсқасы

2016 жылдың көктемінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) ұйымдастыруымен маңызды бір шара өтті және ол ғылыми зиялы қауымның назарынан тыс қалмады. ҚМДБ бастамасымен және ұйымдастыруымен Астанадағы «Таңбалы» баспасынан жарыққа шыққан «Дәстүрлі ислам жауһарлары» атты орта ғасырларда жазылған діни еңбектер мен шығармалардан үзінділер жинағының тұсаукесері өтті. Бұл туралы 2016 жылдың 22 маусымында ҚР БҒМ Ғылым комитетіне қарасты «Ғылым ордасы» РМК мәне ҚМДБ бірлесіп өткізген «Дін және тарих тағлымы» атты дөңгелек үстелде де айтылды.

Жинаққа Қарахан әулеті үстем болған дәуірдегі Ахмет Йүгінекидің «Һибәтул-хәқаиқ», Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани хикметі», Сүлеймен Бақырғанидің «Ақырзаман кітабынан» үзінділер, Алтын Орда – Қыпшақ дәуіріндегі Бұрхануддин Рәбғұзидің «Қиссәсул әнбия», Махмұт әл-Кердеридің «Нәһжул фәрадис», Сәйф Сараидің «Гулистан бит-турки», Хұсам Кәтіптің «Жұмжұма» және т.б. шығармалардан үзінділер, сондай-ақ XV-XVI ғғ. Қазақ хандығы тұсындағы Заһираддин Мұхаммед Бабырдың «Мүбәййән дәр фикһ» еңбегі мен «Раунақул-Ислам» атты шығарма енгізілген. Бұлардың қай-қайсысының да дәстүрлі ислам тарихы мен қазынасынан орын алған рухани жауһарлар екені анық. Жинақтың Редакциялық алқасына Бас мүфти Ержан қажы Малғажыдан бастап, елімізге танымал діни және дінтанушы, исламтанушы ғалымдар енген. Кітапқа кіргізілген түркі жазба ескерткіштерін түпнұсқадан аударған және ғылыми түсініктерін жазып, баспаға дайындаған танымал ғалым-парсытанушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Төреәлі Қыдыр.  

         Жинаққа енген бұл еңбектер мен шығармалардан дәстүрлі ислам дінінің әуел бастапқы саф рухы айқын сезіледі. Қазақ аңыздарына сүйенсек, ислам діні пайда болысымен-ақ кейбір сахабалардың өздерінің қазақ жеріне табаны тиген тәрізді. Ал бұлтартпас тарихи деректер VIII ғасырдың ортасына, дәлірек айтқанда, 751-жылы Тараз маңындағы Атлах шайқасына меңзейді. Өркениет ретіндегі исламның осы жеңісінен соң, алдымен Оғыз дәуірінде (Оғыз қаған шежірелерде мұсылман ретінде сипатталады), одан соң Қарахан заманында (Сатұқ Боғрахан) ислам мәдениетінің барынша гүлденгенін ешкім жоққа шығара қоймайды. Әсіресе, қазақ жеріндегі исламның алғашқы бесігі ретіндегі, рухани орталық ретіндегі Тараз қаласының орны мен маңызы Түркістаннан бір де кем емес. Сыр бойы мен Жетісу қалаларымен қатар, Мәуреннахрдың Бұқара, Самарқанд тәрізді сол заманның мегаполистері ислам ілімінің ірі орталықтарына айналды. Бұл өңірлерден небір имам-ғұламалар, факих-ғалымдар мен сопы-әулиелер шыққан. Олардың ілімдері Оғыз тайпалық конфедерациясынан бөлініп шыққан салжұқтар (Алпарслан) арқылы, кейінірек османлылар (Осман-ғазы, Орхан-ғазы) мен алтынордалықтар (Берке-хан, Өзбек-хан) арқылы дүниенің төрт бұрышына таралды. Сол себепті де бүгінгі күні әлемдегі күллі мұсылманның 90 пайызын «Әһлү-сүнна уәл-жамағат» құраса, олардың жартысынан астамы сенімде Матуриди ақидасын, амалда Әбу Ханифа мәзһабын ұстанады.

         Ислам рухында тәуһидтік сеніммен қатар, рационалдық және этикалық алғышарттардың жетілген болуы діннің қазақ даласына соғыспен, зорлықпен емес, бейбіт жолмен таралуына сеп болды. Түркі халықтары дінді рухымен, иманның шарттары мен исламның парыздарын еш қиындықсыз қабылдаған. Исламда «хикмет» (мәнді, рухты түсіну), «хукумнан» (әріптен, үкімнен) бұрын жүреді. Яғни, басында белгілі бір ұстынның қажеттілігін/рухты игеру (оны сіңіре білу) керек, содан кейін ғана осы ұстынды қалып/заң ретінде қабылдау қажет.

  Орталық Азияда иджтиһад пен фатуа шығару және жинақтау ісінің белсенді де өнімді тұсы ХІ-ХІІ ғасырлар, яғни Қарахан әулетінің дәуірі  екендігі белгілі. Бұл кезеңде шыққан пәтуалар мен пәтуалар жинағы дүниежүзінің түпкір-түпкірдегі әртүрлі қорларда қолжазба күйінде сақталған және ортағасырлық діни шығармаларда, әдебиеттерде мол қамтылған. Орталық Азияның ерте исламданған өлкесі – Мәуреннаһрдағы жаңа мұсылмандық мәдениеттің қалыптасуында жергілікті дін ғұламаларының рөлі зор болды, олардың шығарған пәтуалары (діни шешімдері, қаулылары) жергілікті дәстүр мен дін нормаларын реттеуші құралға айналды. Сондықтан жергілікті дін өкілдерінің, олардың шығармалары мен пәтуаларының тиісті бағасы ескеріліп, қажетті деңгейде зерттеліп, келешекте де осы бағыттағы жұмыстар әрі тереңдеп, әрі кеңи түсуі керек деген ойдамыз.

         ҚМДБ түрткі болып, қалың оқырманға жол тартқан бұл кітаптың мазмұнына халқымыз Әзірет сұлтан атап, сүйіспеншілігіне бөлеген Қожа Ахмет Йасауидің хикметтері енгізіліп отыр. Биылғы жылды ЮНЕСКО «Йасауи жылы» деп атағаны да белгілі. Сондықтан мұның да рәміздік мән-мағынасы бар тәрізді, өйткені көшпелі қазақ арасында дәстүрлі исламның қалыптасуында йасауийа тариқатының маңызды рөлі болды. Жалпы бұл бағытта басы ашылмаған мәселелер баршылық, осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы академиялық ғылыми-зерттеу институттары-мен тығыз байланыс орнатып, зерттеу жұмыстарын өрістетуі керек тәрізді. Өйткені философиямен, дінтанумен, шығыстанумен, әдебиеттанумен және тарихпен айналысатын бірқатар институттарда ислам тақырыбына қатысты іргелі немесе қолданбалы ғылыми жобалар атқарылады.    

  Жалпы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұл бағытта барынша ауқымды шаралар атқарып жатқанын атап өту керек. Өйткені, қазақстандық мұсылман қауымының тұтастығын сақтауда, заманауи сұхабаттық дискурсқа түсуге әлеуеті мол дәстүрлі ханафилік мәзһабты насихаттауда, діннің атын жамылған деструктивті ағымдардың идеологиясына қарсы тұруда имамдардың атқаратын рөлі ерекше. Ұлттық мәдениет пен салт-санаға сіңген ханифилік діни доктрина мен рухани дәстүрімізге негізделген діни сананы қалыптастыруда  діни ағарту жұмыстарының мән-маңызы мейлінше жоғары. Сондықтан, ҚМДБ мен оның төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының 2015-жылды «Дін мен дәстүр жылы» деп атап, осы аттас кітап жарияласа, 2016-жылды «Дін және тарих тағлымы жылы» деп атап, биыл осы «Дәстүрлі ислам жауһарлары» деген еңбекті баспадан шығарды. Бұл да болса, көпшіліктің кәдесіне жарап, бүгінгі заман мен қоғам тарапынан, дін мен ғылым тарапынан туындаған қажеттілік пен сұраныстың дер кезінде жасалып отырған жауабы деп ойлаймыз.

 Біздің ойымызша, дәстүрлі дінді насихаттау барысында мына мәселелерді ескеру керек. Орталық Азия аймағының тарихи тұрғыда байырғы көшпенді халқы болып саналатын қазақтардың исламшылдығы («иджтиһад» негізінде қалыптасқан доктриналық және теориялық ислам) және мұсылманшылдығы (доктриналық исламның немесе исламшылдықтың практикалық ұстанымдағы, бірегейліктегі көрінісі) жайлы біршама тұрпайы және стереотиптік көзқарастар бар. Оларды сейілту үшін, біріншіден, қазақтардың діни бірегейлігі мен діни дүниетанымының әдетте руханилыққа, ксенофилияға әрі саясаттан тыс болуға негізделген Исламның сүннеттік доктринасына сәйкес келетінін көрсету керек. Екіншіден, қазақ мұсылманшылдығының инклюзивтілігі (ішке тартушылығы) мен қазақшылдықтың тарихи және өркениеттік негіздерімен арасындағы байланысты бекіту маңызды. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған басқа  этностық топтар сияқты қазақ ұлтының да мұсылманшылдығында кеңестік кезеңнің ізі қалғанымен, олардың тарихи және өркениеттік ислами мұрасы толығымен жойылып немесе өңі өзгеріп кеткен жоқ. Сондықтан біз Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі ұстанған ресми саясатының инклюзивті ұлттық және инклюзивті діни бірегейлікті қайта түлетуге, сонымен қатар негізгі гуманистік құндылықтарды, әсіресе, білім беру мен мәдениет саласында либералды құндылықтарды оңтайлы қабылдауға жағдай жасайтынын тұжырымдаймыз. Қазақтың дәстүрлі діни бірегейлігі жаңғыртыла түскен жағдайда, бұл келешекте бой көрсету қаупі бар этноцентризмге сүйенген діни ұлтшылдықтың үстемдігінің және Қазақстанның мұсылмандар үмбеті арасында сырттан енгізілген исламның эксклюзивтік түсіндірмесінің өсуінің алдын алады.

Қазақтың дәстүрлі қоғамындағы ислам дінінің инклюзивті үрдістері қарапайым өмірдегі ислам практикасымен қатар, қазақтың ақын-жыраулары мен би-шешендерінің айтқандарынан, діни ойшылдарының шығармалары-нан, бертіндегі Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы және Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды рухани тұлғалардың еңбектерінен айқын көрінеді. Қазіргі қалыптасқан діни ахуалда бірегейлікті сақтап қалып, оны орнықтыра түсу үшін дәстүрлі діннің жәдігерлерін, ата-бабадан қалған рухани мұраны жаңғырту ісінде ҚМДБ игі бастамасы одан ары жалғасын табуы тиіс. Өйткені дәстүрлі діннің тарихына деген ретроспективалық қайта бағалаушы көзқарас өткеннің тұманын сейілтіп қана қоймай, келешекке қарай да нық қадам жасауға мүмкіндік береді.   

Бақытжан Меңлібекұлы Сатершинов

ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану 

институты  Дінтану бөлімінің меңгерушісі,

философия ғылымдарының докторы, доцент 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    Жоғары