Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы Олжас Есенұлы атындағы діни сауат ашу орталығына арнайы атбасын бұрып, бақылау жұмыстарын жүргізді. Қызметтік сапар барысында медресе директоры Сайлау Жұмағұлұлы облыс бас имамына орталықтың жұмыс барысын көрсетіп шықты.
Шәкірттердің білім алатын сыныптары, арнайы спорттық демалыс орны, асханасы, жатақханасы мен шаштаразы толық қамтылған білім ғимаратында бір сәтте елу шәкірттің ілім алуына жағдай жасалған. Бүгінде білікті ұстаздар дәріс жүргізіп жатқан орталықта шәкірттер Құран жаттап, ақида, фиқһ, ахлақ, хадис, сира пәндерінен сауатын ашуда.
Ілім ордасының жай-күйімен толық танысып шыққан облыс бас имамы медресе ұжымымен арнайы жиын өткізіп, сұхбат құрды. Сондай-ақ шәкірт тәрбиелеу жолында ұстаздарды жаһандану заманындағы «жан-жақтылық» қағидасын ұстануға шақырды.
Сөз соңында бас имам сауабы мен жауапкершілігі мол қызметті атқарып жүрген ұстаздар қауымына алғысын білдіріп, орталықтың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі