Халқымыздың жыр термелерінде адам бойына тән мінез құлықтарды да дәріптейтін жыр жолдары көптеп кездеседі. Соның бірінде былай деп толғайды:
Мінезің мінсіз болсын көп ішінде,
Ұқыппен қарай білгін өз ісіңе.
Еліңе еңбек етіп, теріңді төк,
Заманның талабына сен түсін де.
Көркем мінез – Алланың адам бойына берген ұлы қасиеті. Әке-шешенің баласына берер ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие болса, көркем мінез сол тәрбиенің шыңы. Адамға лайықты болған мінез және айналасына шуақ шашатын жылы жүз мұсылман сипаттары болып табылады. Ал, қазақ мақал-мәтелдерінің бірінде: «Аңдамай сөйлеген – ауырмай өледі», - деген. Сонымен қатар «Он бәленің тоғызы тілден», «Жақсыға барсаң жадырап қайтарсың – жаманға барсаң жабығып қайтарсың», деп балалары мен немерелерін кішкентайынан тәрбиелеп отырған. Есейе келе дін мен дәстүрді қоса меңгерген ұрпағы, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсеткен. Көркем мінез жемісін осы өмірде және ақыретте де берері анық. Көркем мінезге қол жеткізу үшін үнемі дұғада болған дұрыс. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Я, Алла тағалам! Жаратылысымды көркем еткенің сияқты, мінезімді де көркем етші!» - деп дұға ететін. Адамның адамдық қалпын сақтап тұратын, бойымыздағы игі қасиеттерді қалыптастырып сақтайтын – иман, пенденің дәрежесін көтеретін де осы. Алла Тағала адам баласын көркем бейнеде жараттым деп сырт келбетімізді ғана емес, ішкі жан дүниеміздің де көркемдігін еске салып, рухани күйзелістен сақ болуды ескерткен. Халық арасында қайтыс болған кісіні еске алу барысында мархумның мінезі, бойындағы жақсы қасиеттерін айтып жатады. Марқұмның осынша жинаған мал дүниесі немесе атақ даңқы бар еді демейді. Керісінше ол адам жайлы жаратылысындағы игі қасиеттері мен көркем мінезі көбірек айтылады. Ендеше, бізді бұл дүние және ахиретте бақытқа жеткізетін көркем мінезіміз бен жақсы амалдарымыз.
ҚМДБ "Qamqor-Sharapat" орталығының
Қарағанды өңірі бойынша жауапты өкілі Бақдаулет Қыдырбайұлы