Еске сала кетсек, осыдан бірер уақыт бұрын Нұра ауданы Байтуған ауылында жаңа мешіт ашылғанын хабарлаған едік. Осы жолы ауыл жұртшылығы ата дәстүріміздің негізінде жас шабандоздар бәйгесін ұйымдастырды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Дін мен дәстүр» бағыты аясында өткізілген шараға Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы мен басқа да дін қызметкерлері және ауыл жұртшылығы қатысты.
Аламан жарыста жабағы мінген жас шабандоздар өзара бақ сынасты. Облыс имамы жеңімпаздарды арнайы марапаттап, төсбелгілер мен қаржылай сыйлықтар үлестірді.
Атап айтқанда, бас жүлде иегеріне 50 000 теңге, екінші орынға 30 000 теңге, үшінші орынға 20 000 теңге және кезекті қатысушыларға 10 000 теңге қаржылай сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, сайысқа қатысқан барша шабандоздарға ынталандыру сыйлықтары берілді.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі