Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің әйелдер жамағаты «Ислам – ізгілік діні» тақырыбында уағыз-насихат тыңдады.
Шараға арнайы қатысқан «Әнет баба» мешітінің ұстазы Юсуфбек Шұғайұлы келелі кездесуге жиналған көпшілік қауымға асыл дініміздің құндылықтары жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Ізгілікке шақыру қағидаты негізінде өзін діндар санайтын әрбір пенде жеке және қоғам өміріне қатысты белсенді азаматтық ұстанымы болуы керек. Шынайы мұсылман өз шама-шарқынша қоғамға пайда келтіргені жөн. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюдың өзі – жақсы амал», деді мешіт ұстазы өз сөзінде.
Құранда: «Жақсылық жасаңдар, сонда нағыз жетістікке жетесіңдер» («Хаж» сүресі, 77-аят) деген.
Берекелі отырысқа қатысқан «Әнет баба» мешітінің ұстаздары Арай Серғалиқызы және Жадыра Асылтайқызы әйелдер қауымына насихат айтып, ислам діні адамды жамандықтан тиып, жақсылыққа, қайырымды, сабырлы, бойына барлық ізгі қасиеттерді жинаған өркениетті адам болуға үндейтінін түсіндірді. Сондай-ақ, қатысушылардың тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді.
Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі