Әлеуметтік желідегі мұсылман әйелдің әдебі таныстырылды

   ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Әбдіғали Естай Айтуғанұлының тапсырмасымен қалалық «Әл Машани» мешітінде «Мұсылман әйелдің әлеуметтік желідегі әдебі» атты әйелдер жамағатына арналған семинар болып өтті.

«Әл Машани» мешітінің ұстазы Бақытгүл Айтқалиқызының ұйымдастыруымен өткен шарада алдымен алғыс сөз  Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы әрі «Ізгі қоғам» бағытының облыс бойынша жауапты меңгерушісі Асқаров Амангелді Дәулеткелдіұлына  берілді.

Семинарға «Е.А.Бөкетов» атындағы ҚарМУ-нің  журналистика  кафедрасы профессорының ассистенті Гүлмира Сабырқызы, Қарағанды облыстық конфессияаралық қатынастардың проблемаларын зерттеу және талдау орталығының теолог маманы Жанар Бектенқызы, Қарағанды қалалық «Қазыбек би» мешітінің ұстазы Карина Қайратқызы және Теміртау орталық «Әлихан Бөкейхан» мешітінің ұстазы Бағдат Шәкенқызы қатысты.

Шарада ақ жаулықты аналар, қыз-келіншектер және мешіт шәкірттері қонақ болды.

Іс-шара барысында «Әлеуметтік желі мәдениеті», «Әлеуметтік желідегі мұсылман әйелдің сөйлеу, киім кию әдебі», «Әлеуметтік желідегі шындық және жалған ақпараттан сақтану» сынды өзекті тақырыптар қозғалды.

Рухани кеш соңында семинарға жиналған әйелдер қауымы білікті мамандар мен ұстаздарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды.

 

Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін