ҚМДБ-ның Төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Дін мен дәстүр» бағыты аясында Қарағанды облысына қарасты Саран қаласында қазақтың ұлттық ат спорты көкпар тартудан алғашқы рет дүбірлі сайыс болып өтті.
Сайысқа аймақтық Саран қалалық мешітінің имамы Нұржігіт Оразалыұлы арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Ат спорты мен көкпар – ежелден келе жатқан ата-бабамыздың ойыны. Біз бабадан мұра болған бұл спорт түрін дамытуымыз керек» деді Нұржігіт Оразалыұлы өз сөзінде.
Сайысқа тұлпары сақадай сай жергілікті жамағаттан құралған коммандалар қатысып, көкпаршылар білек күші мен аттың бауырында ойнайтын шеберлігін сарапқа салды. Дүбірлі доданы тамашалауға жергілікті халық мол жиналды.
Жарыс болған жерде жеңімпаз да жарқырап көрінетіні белгілі. Сайыстың көрігін қыздырып, халықтың көңілінен шығып, жеңіске жеткен командаларға марапат және сыйлықтар берілді. Өзін нағыз спорттық бабында екенін көрсеткен шабандоздарға халық риза болды.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі