Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Қоныскерей Құмарұлы облыс бас имамы Естай Айтуғанұлының тапсырмасымен Қарқаралы ауданына барған қызметтік бақылау-басқару сапары барысында жергілікті ақсақалдар қауымымен кездесу ұйымдастырды.
Шараға Қарқаралы аудандық «Құнанбай қажы» мешітінің имамы Митератбек Құбылайханов арнайы қатысып, аймақтың діни ахуалынан хабар берді.
Келелі кездесу барысында уағыз-насихат айтылып, «Ихсан ілімі» насихатталды.
«Ауылыңда қария болса, жазып қойған тең» демекші, өздеріңіздей көпті көрген, білгені мен түйгені терең ақсақалдарымыздың арқасында қазақ қоғамы қашанда нық тұрған. Үлкендердің батасын алуға асығып, ақылын тыңдауға ынтық халықтың баласымыз. Өздеріңізге мәлім, биылғы жылды Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы биылғы жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялап отыр. Осы орайда биылғы жұмыс-жоспарларымызды, жобаларымызды, ойға алған игі істер мен іргелі шараларымыз жайлы сіздермен ақылдасып, ақ баталарыңызмен бастауды жөн санап отырмыз», – деді наиб имам өз сөзінде.
Мешіт ақсақалдары көрсетілген ілтипатқа ризашылықтарын білдіріп, ағалық ақыл-кеңестерін айтты. Мешіт жамағаты ретінде ұсыныс-тілектерін ортаға салып, құлшылық ордасының жай-күйіне жанашырлықтарын көрсетті.
Пікірлер