Қарағанды облысы, Абай ауданына қарасты Жұмабек ауылында жаңадан салынған мешіттің ашылу салтанаты өтті.
Игі іс-шараға ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы, «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Қоныскерей Құмарұлы, аймақтың зиялы қауымы мен жергілікті тұрғындары және ақсақалдары қатысты.
Құлшылық ордасының ашылу рәсімінде бас имам: «Аллаға шүкір, облысымызда мешіттеріміздің қатары көбейіп келеді. Мешіт – мейірімділік мекені, руханияттың ортасы. Қоғамды ізгілікке шақырып, ибалы болуға үйрететін мектеп. Осы мешіттің бой көтеруіне атсалысқан, ұйытқы болған арда азаматтарға Алла разы болсын! Кәсіптеріне береке, отбасыларына амандық тілеймін» дей келе, осы мешітті бастап, оны халықтың игілігіне берген азаматтарға ризашылығын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.
Сондай-ақ жаңа мешіттің ашылу салтанатында мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақсақалдар сөз сөйлеп, бата берді.
Айта кетейік, Жұмабек ауылында жаңадан ашылған мешітте 200 адам еркін ғибадатын өтей алады. Мешітте намазхана залдарынан бөлек, имамдар бөлмесі, жолаушыларға арналған демалу бөлмесі, және дәретханасымен қамтылған.
Сондай-ақ, қазіргі заман талабына сай жабдықталған 150 адамдық асханасымен қатар ««Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығы да барлық талаптарға сай халықтың игілігіне қызмет етпек.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер