Мүбәрак Мәуліт айы басталғалы бері елімізде, жалпы мұсылман жұртшылығында Алланың сүйікті құлы, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымызға арнап Мәуліт дұғасы оқылып, түрлі игі іс шаралар атқарылып жатыр. Сондай бір маңызды шара Қарағанды облысы, Бұқар Жырау ауданына қарасты Көкпекті ауылдық мешітінде жалғасты.
Берекелі жиында адамзаттың асыл тәжі, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрметіне, қасиетті Мәуліт мерекесіне арнап аймақ имамы Нұржан Оңғарұлы уағыз-насихат айтылды. Ол ақыретте мұсылмандарды шапағатшысы болатын Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардың өнегелі өмір жолы, Алланың дінін адамзатқа таратудағы тағылымға толы істері, оның мүбәрак өмірі жайлы тілге тиек етті.
Жамағатқа есігін айқара ашқан құлшылық ордасын Пайғамбарымызға деген сағыныштан туындаған салауат кернеп, Мәуліт мерекесінің мәртебесі асқақтай түсті.
Сондай-ақ, мешіт жамағаты бірігіп әлемге рақым етіп жіберілген нұрлы Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтты.