«Батамен ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді» демекші Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай Шахтинск қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Бастау» оқу-әдістемелік орталығы 2025 жылғы 11 наурызда Шахтинск қаласының Кеншілер мәдениет сарайында қала ақсақалдары мен ер азаматтары арасында «Батаменен ел көгерер» атты байқау ұйымдастырды.
Байқаудың мақсаты: ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, бата берудің маңыздылығын насихаттап, жас ұрпаққа рухани тәрбие беру болды.
Шахтинск қалалық «Нұр» мешітінің имамы Әбілхайыр Касенұлы мен ардагер ұстаз Әкімұлы Зейнолла қажы көшбасшы болып келіп, қала ақсақалдарының аталған іс-шараға қатысуларына ықпал етті. Халқымыздың дәстүрін дәріптеу, жастарға бата берудің мән-мағынасын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған байқау жоғары деңгейде өтті деуге болады.
Сайыста "Нұр" мешітінің ақсақалдары жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда үшінші орынға тігілген 2 жүлдені Самиғұн Сәметұлы Нұркейтегі мен Оразәлі Мырзақұлұлы Хақназаров иеленді. Екінші орынды Аманжол Тилеубек иеленсе, бірінші орынды Хиянат Шайзада атамыз алды. Ал бас жүлдені қанжығасына байлаған Бекболат Шари ақсақалымыз болды.
ҚМДБ Қарағанды облысы өкілдігінің баспасөз қызметі