Қарағанды қалалық «Әл-Ғаффар» мешітінің имамы Ермахан Оралбайдың ұйытқы болуымен, мешіт ұстазы Әлім Баспай Восток-2 ықшам ауданында орналасқан «InLife» ЖШС емханасында ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізді. Іс-шара ҚМДБ-ның 2025 жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялауына орай ұйымдастырылды.
«Отбасының өнегесі – Отан өнегесі» демекші, ұлт болмысының тұрақтылығы әрбір отбасының татулығы мен береке-бірлігіне тікелей байланысты. Бақытты отбасы – мызғымас қоғамның іргетасы. Қоғамдық қарым-қатынас қағидалары отбасы құндылықтары негізінде қалыптасады. Сондықтан қоғамның дамуы мен өркендеуі өнегелі отбасыдан бастау алуы тиіс. Ал кез келген қоғамның рухани құлдырауы мен іштей ыдырауы отбасы ішіндегі тұрақсыздықтың салдары екені анық.
Осы ретте әрбір мұсылман отбасының берекелі болуына мән беріп, ислам дінінің талап еткен отбасылық міндеттерін орындап, ізгі ұрпақ тәрбиелеуге күш салуы қажет.
ҚМДБ Қарағанды облысы өкілдігінің баспасөз қызметі