Қарағанды облысы Шахтинск қаласында қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Мәулен Әбілхайыр Кәсенұлы аурухана қызметкерлерімен, ата-аналармен кездесу өткізіп, «Денсаулық – аманат» тақырыбында тағылымды уағыз-насихат жүргізді.
Кездесудің мақсаты – денсаулықтың діни тұрғыдан маңызын түсіндіру, тән мен жан саулығының үйлесімі туралы ой қозғау және қоғамда дін мен медицина салаларының өзара байланысын нығайту.
Уағыз барысында имам:
«Денсаулық – Алланың адам баласына берген ұлы нығметі. Бұл нығмет – аманат. Аманатқа қиянат жасамау – мұсылманның міндеті. Сондықтан өз денсаулығына мұқият болу, аурудың алдын алу, дұрыс тамақтанып, дене мен жан саулығын сақтау – әрбір адамның жауапкершілігі», – деп атап өтті.
Кездесу барысында медицина қызметкерлері де сөз сөйлеп, рухани тәрбиенің денсаулыққа тигізер оң әсерін атап өтті. Ата-аналар тарапынан өзекті сұрақтар қойылып, мазмұнды пікірлер ортаға салынды.
Осындай іс-шаралар қоғамда имандылық пен денсаулық мәдениетін көтеріп, рухани-әлеуметтік байланысты нығайта түсетіні анық.
ҚМДБ Қарағанды облысы өкілдігінің баспасөз қызметі