Шет ауданына қарасты Ағадыр кентіндегі «Иса молла» мешітінің имамы Азамат Серікұлының ұйытқы болуымен аймақтағы қариялардың басын қосқан берекелі рухани отырыс ұйымдастырылды.
«Аталар мектебі – тәрбие негізі» атты бағытта өткен жиын барысында ақсақалдардың құрметіне арнайы дастархан жайылып, ақжарма тілектер айтылды. Іс-шараға мешіттің ақсақалдар алқасының мүшелері қатысып, өнегелі әңгіме өрбітті.
Кездесуде мешіт имамы Азамат Серікұлы сөз алып, аталар институтының қоғамдағы орны мен жастар тәрбиесіндегі рөлін атап өтті. Ол ақсақалдардың ел ішіндегі бірлік пен имандылыққа бастайтын сөздері – ұлттың рухани тірегі екенін жеткізді.
Басқосудың негізгі мақсаты – қазақ отбасының алтын діңгегі саналатын қариялардың үлгісі арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу, өнеге мен ізгілікке баулу.
ҚМДБ Қарағанды облысы өкілдігінің баспасөз қызметі