Қарағанды қаласындағы «Бала қажы» мешітінде дәстүрлі түрде өткізілетін жазғы «Имани жаз» сауат ашу курсы өз мәресіне жетті. Биылғы маусымда аталмыш курсқа 30-ға жуық бала қатысып, бос уақыттарын пайдалы өткізіп, рухани тәрбие алып, жаңа достар тапты.
Курс барысында шәкірттерге ислам әдебі, иман негіздері, Құран әліппесі секілді пәндер оқытылды. Сонымен қатар тазалық, дәрет алу әдебі, ата-анаға құрмет, Отанды сүю сынды тақырыптар төңірегінде де жан-жақты дәрістер жүргізілді.
Дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеген курста ұлттық ойындар ойнатылып, балаларға тәттілер таратылды. Көңілді әрі тәрбиелік маңызы зор сабақтар шәкірттер үшін ұмытылмас әсер қалдырды.
Қоштасу сәтінде мешіттің бас имамы Махмуд қажы Нуров пен ұстаз Фархан Нұрланұлы шәкірттердің әрқайсысына жеке назар аударып, ынтасы мен ықыласына ризашылық білдіріп, «Алғыс хат» пен Құран Кәрім сыйға тартты. Сонымен қатар келесі жылы да аталмыш игі дәстүрдің жалғасатынын айтып, балаларды келесі маусымда тағы да қатысуға шақырды.
ҚМДБ Қарағанды облысы өкілдігінің баспасөз қызметі