Қарағанды облысына қарасты Бұқар жырау аудандық «Жыржыс қажы» мешітінің наиб имамы Ибраев Тәубежан Қайратұлы жаңа қызметке тағайындалды. Ол Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Шұбаркөл ауылдық мешітінің наиб имамы қызметіне ресми түрде ауысты.
Тәубежан Қайратұлы Бұқар жырау ауданындағы қызметінде мешіт жамағатының ауызбіршілігін арттыру, жастарды имандылыққа тәрбиелеу және діни ағартушылық бағытта сүбелі еңбек етті. Оның бастамасымен түрлі имани кездесулер, уағыз-насихат жұмыстары мен тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылып, жамағат арасында рухани серпіліс орын алды.
Аудан имамы Рүстем Мұратұлы әріптесін жаңа қызметімен құттықтап, абыройлы жол тілеп, ақ батасын берді.
Мешіт жамағаты да бұрынғы наиб имамға алғыс айтып, Шұбаркөл ауылындағы қызметіне сәттілік пен табыс тіледі.
ҚМДБ Қарағанды облысы өкілдігінің баспасөз қызметі