Қарағанды қалалық «Төлеутай ата» мешітінде ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен бекітілген «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» құжаты бойынша арнайы жиын өтті. Жиынды мешіттің бас имамы Рауан Төлеубекұлы ұйымдастырды.
Аталған жиынға мешіттің дін қызметкерлері қатысты. Жиын барысында құжатта көрсетілген талаптар мен рәсімдердің бірізділігі, ел аумағында барлық имамдар мен дін қызметкерлері осы тәртіпке сай қызмет көрсетуі тиіс екені кеңінен түсіндірілді.
Имам Рауан Төлеубекұлы өз сөзінде:
— ҚМДБ тарапынан бекітілген бұл құжат еліміздің әр аймағында бірізділік пен тәртіпті сақтау мақсатында қабылданды. Дін қызметкері халыққа дұрыс қызмет көрсету үшін ең алдымен өзі бекітілген ереже, тәртіп аясында әрекет етуі қажет. Бұл — мешіт қызметінің жүйелілігін арттыруға, діни рәсімдердің бір арнада жүзеге асуына ықпал етеді, — деп атап өтті.
Жиын соңында мешіттің дін қызметкерлері өз ойларымен бөлісіп, құжаттағы талаптарды күнделікті жұмыс барысында басшылыққа алатынын жеткізді.
ҚМДБ Қарағанды облысы өкілдігінің баспасөз қызметі