Жас буынның имандылыққа деген жігерін арттыру мақсатында Қарағанды қалалық №1-мешітінде «Менің мешітім» атты балалар арасында сурет салудан сайыс ұйымдастырылды. Бас имам Орманбет қажы Болатұлының бұл шараның өткізудегі мақсаты балалардың мешітке деген көзқарастары мен түсініктерін арттыру еді. Екі апта бұрын жамағатқа хабарландыру беріліп, нәтижесінде он алты бала қатысты. Қатысушыларға төмендегідей талаптар қойылды:
- Баланың жасы 5-9 жарыс аралығында болуы;
- Үй жұмысына арнап екі сурет салып келуі;
- Мешітте отырып ұсынылған суретке қарап, бір сурет салу;
- Салынған суретті баяндау (мешіт туралы түсінік айту);
- Қосымша тақпақтар немесе ән айту;
Сайысты әділ бағалау үшін құрметті қонақ ретінде ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамның міндетін атқарушы Жақия Мерей, ҚР қажылар қауымдастығының облыстағы төрағасы Жылқыбаев Қанат қажы шақырылды. Балалар да өздерінің шынайы талпыныстарымен қолдарынан келгенше еңбек етіп, мешіттердің суретін салуда белсенділіктерін көрсетті. Нәтижесінде үздік деген туындылар тақтаға ілініп, бас имам және құрметті қонақтар балаларды құттықтап, алғыс хаттар мен арнайы дайындалған сыйлықтармен марапаттады. Шара барысында балалар мешіт туралы балғын түсініктері мен жыр шумақтарын айтып жарысты. Қызықты өткен сайыстан соң балаларға дәм беріліп, мешіт ұстаздары аулада түрлі ойындар өткізді. Демалыс күндерін осылайша мәнді өткізген балалар жүздері бал-бұл жайнап, балмұздақ жеп тарқады. Жасыратыны жоқ, өзіміздің бала кезімізде жаттаған тақпақтар есімізден, елеулі көріністер көз алдымыздан кетпейді. Бұл күнгі жас буынның мешіт туралы салған суреттері мен айтқан түсініктері өздерінің жадында сақталады деп сенеміз.
[gallery link="file" ids="6313,6314,6315,6316,6317,6318,6319,6320,6321,6322,6323,6324,6325"] Қарағанды қалалық №1-мешітінің баспасөз қызметі