Жердегі Алланың үйі саналған, қасиетті мешітте балалар үшін биыл да сауықтыру және сауат ашу курсы жүзеге асырылды. Әрине, бұл мұсылман балалары үшін болып жатқан игі жақсылық. Қай уақытта болсын мешіттің есігі барша мұсылмандар үшін айқара ашық тұратыны белгілі. Адамзат баласын игі іске бастап, тұла бойына имандылық сезімдерін құятын мешітте жас ұрпаққа тәлім – тәрбие беру, патриоттыққа баулу, салауатты өмір салтын қалыптастыру істері жылдан жылға қарқын алып келеді .
Біздің Шахтинск қаласындағы «Нұр» мешітінде 4 жастан 16 жасқа дейінгі 15 – ке жуық балғын балалар мұсылманша сауат ашу, Исламның парыздарын, шариғаттың шарттарын, сүрелерді үйренумен қатар, тағы басқа мұсылманға тән парыз және амалдарды орындауға дағдылануда.
Мешіттегі күндізгі лагерь сағат 11.00 – ден 15 .00 – ге дейінгі уақытқа мөлшерленіпті. Демалушы балалар 10 күн бойы бір мезгіл түскі тамақ жеп, сауат ашу курсында Исламның шарттарын біліп, шариғаттың парыздарын оқып үйренеді, сондай – ақ спорттық ойындар да ойнайды екен. Сонымен бірге мешіттің бас имамы Қ.Құмарұлы балаларды батутта ойнатып, оларға шаттық сыйлауда. Мешіттің наиб имамы Әсет Ибраевтің айтуынша, сауат ашу курсында балаларға арабша жазу, фатиха, ықылас, фалақ және нас сүрелері де оқытылады.
Қаламыздағы мұсылмандар мешітінде демалыстарын пайдалы өткізіп жатқан балалар сауат ашу курсында Ислам заңнамалары мен шариғаттарын оқып жатқандарына шын ырза болдық. Мәселен, кез келген бала Ислам заңнамасында Құранды дәретсіз адамның ұстауына тыйым салынғандығын біле бермейді. Шариғат бойынша ғұсыл алу кезінде денені түгел тазарту үшін бастан-аяқ жуыну қажеттігін де ескере бермейді. Міне осындай, бұдан да басқа тәртіп пен ережелерді үйретіп жатқан мешіттің наиб имамы мұсылман балаларына мәнді тәлім – тәрбие беруде.
Аллаға шүкір, бүгінгі таңда Жаратқан Иемізге құлшылып етіп, сәждеге маңдай тигізіп жатқан мұсылмандардың қатары күн санап артып келеді. Әсіресе олардың қатарын жас жеткіншектер толтыруда. Бүлдіршін балаларға имандылық, ізгілік қадір – қасиеттерін дарытып, адамгершілікке, әдептілікке және мәдениеттілікке баулып, сауап іс істеп жатқан қаламыздағы «Нұр» мешітінің имамдары Алланың шапағатына бөленері хақ.
А.Тұржанов