Center Image
IHSAN.KZ
Қарттар мен мүгедек үйлерінде қос мереке аталып өтті
Қарттар мен мүгедек үйлерінде қос мереке аталып өтті

Қоғамда кеңінен насихатталған дін мен дәстүр сабақтастығы өміршеңдіігін жоғалтқан емес. «Дінің діліңді сақтайды» деген қағидаға сай тұрмыс салтымыз сүннетпен сабақталып, хадиспен өрнектеліп келеді. Сондай дәстүрлі ұлттық мерекеміздің қарсаңында Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінің бас имамы Қабылбек Әліпбайұлы қаламыздағы қос қарттар үйінде «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты қайырымдылық негіздегі мереке ұйымдастырды. Қала іргесіндегі Пришахтинскіде орналасқан қарттар мен мүгедектерге арналған мекеме мен қала орталығындағы қарттар үйіндегі тұрғындарға мерекелік дастархан жайылып, ұлттық тағамдар мен наурыз көже даярланды. Жас өнерпаздар ән мен биден өнер көрсетіп, қариялардың ыстық ілтипатына бөленді. Өздігінен жүре алмайтын төсек тартып жатқан науқас жандарға да көктемнің қайталанбас дәмі наурыз көже таратылды. Мерекелік сый ретінде жылы киімдер үлестірілді. Бас имам өз кезегінде қарттарды мерекемен құттықтап, имандылық иірімдері турасында, қасиетті ережеп айының ерекшеліктері жайында насихат айтып қайтты. Мекеме басшылары тұрақты көңіл бөліп отыратын бас имамға ризашылық білдіріп, ұжымның атынан алғыс хат табыстады. Бұл білдірілген алғысты Алла жолын дәріптеп жүрген абзал жандарға берген қоғамның алғысы деп қабылдауға болады.  

 Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінің баспасөз қызметі


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz