Center Image
IHSAN.KZ
Талдықорған: Наиб мүфти «Жастар және руханият» конференциясына қатысты
Талдықорған: Наиб мүфти «Жастар және руханият» конференциясына қатысты

Талдықорған қаласы Салтанат сарайында жастардың діни сауаттылығын арттыру мәселесі бойынша имамдарға арналған «Жастар және руханият» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиын Талдықорған өңірлік өкілдікті басқарып отырған Ардақ Нүсіпханұлының бастамасымен мемлекеттің дін саласындағы саясатын іске асыру және имамдардың жастармен жұмыс істеу тәжірибесін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Оған Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуалиев пен имамдар, мүфтияттың өкілдері қатысты.

Алғашқы сөз кезегін алған Ақан Жылқышыбайұлы мешіт қызметкерлерін аттестацияның сәтті аяқталуымен құттықтай отырып, Президенттің жастарға арнаған сөзіне тоқталды. Жиында модератор болған ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Алау Әділбаев дәстүрлі діни түсінікті қалыптастырудың мәні мен маңызы жайында сөз сөйледі.

"Сүнниттік бағыттағы Ханафи мазһабы – еліміздің негізгі дәстүрлі бағыты. Қазақ ешқашан да мұсылмандықтан шеттетілген емес. Сондықтан, бүгінгі ұрпақ ислам дінін қадірлеп, ата дәстүрін ардақтауы тиіс. Кейбір теріс ағымның жетегінде кеткендер дәстүрге қарсы шығып жатыр",– деді.

Конференция барысында ҚМДБ-ның құрушысы әрі тұңғыш төрағасы, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы Рәтбек қажы Нысанбайұлының «Тарих. Тағылым. Өнеге» атты кітабының тұсаукесері өтті. Толықтырылып, екінші мәрте басылған кітап исламтанушыларға, сондай-ақ, дінтанушыларға, тарихшыларға, тілін, ділін, ұлтын сүйетін қалың оқырмандарға арналған. Жиын соңында облыстық дін істері, жастар саясаты басқармасы, ҚМДБ-ның Талдықорған және Алматы өңірлері бойынша өкілдіктері арасында өзара әрекеттестік туралы төртжақты меморандумға қол қойылды.

 


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz