Ресейдің Саратов облысына қарасты Александров-гай ауданының басшысы Сергей Анатольевичтің бастамасымен ауданға кіреберіс тасжолының жиегіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораздың келу құрметіне арнайы темір тақта орнатылды. Ескерткіш тақтада арабша, қазақша, орысша «Ас-салаумағалейкүм» деп жазылған.
«Саратов облысында 100 мыңға жуық қазақ диаспорасы тұрады. Әсіресе, біздің Александров-гай ауданында қазақтар көп шоғырланған. Қазақстанның Бас мүфтиі Серікбай қажы Сатыбалдыұлының Саратов облысына келу сапарына орай мүфтидің құрметі үшін осы тақтаны орнаттық. Бұл – бірлігіміз бен өзара достығымыздың белгісі», – дейді Александров-гай ауданының басшысы Сергей Анатольевич.
Айта кетейік, жуырда Бас мүфти бастаған делегация Ресейге жасаған ресми сапары аясында Мәскеу, Саратов, Алекстандров-гай қалаларында тұратын қазақтармен кездесті. Серікбай қажы Ораз Алекстандров-гай ауданында өткен рухани кеште жиналған жамағатқа уағыз айтты.
Жергілікті қазақ қауымына қазақ тілінде 500-ден астам діни-рухани кітаптар тегін үлестірілді.