Ел басына күн туғанда, етікпен су кешкендер. Соғыс жасына жетпесе де, азаматтық ары, жігері толысқандықтан, қару асынып, ерте болса да, елін қорғауға аттанған ерлер. Ажалмен бетпе-бет келсе де, кері шегінбей, жазық далада жалаң қолмен де жауға қарсы шабуылға шыққандар. Жаудан жерін қорғап, жанын беріп, жеңісті жақындатқандар, бізге бүгінгі бейбіт күнді тарту еткен боздақтар, батырлар, есімдері мәңгі өшпейтін өр де өжет тұлғалар.
Биыл Рақымжанның Рейхстагқа тіккен жеңіс туының желбірегеніне 76 жыл толды. Қан майданға Қарағанды облысынан аттанып, еліне аман оралғандардың ішінде бүгінде облыста көзі тірі санаулы соғыс ардагері қалған.
Мереке күні ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы бастаған мешіт дін қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагерлерін зиярат етіп, арнайы құттықтап келді. Атап айтқанда, Саттығұлов Сұңғат Самғұлұлы және Галиуллин Исмагил Ныгматович есімді қариялардың шаңырақтарына барып қайтты. Қарияларға құрмет білдірген облыс бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы, Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Мұсабеков Нұржігіт Оразалыұлы, «Зекет» және қайырымдылық қорының өкілі Джаримбетов Мұхит және Қарағанды қалалық «Әл Машани» мешітінің имамы Жанболат Хошкелдіұлы ардагерлердің амандығын біліп, қариялардың ерен еңбектері жайлы әңгімелерін тыңдап қайтты. Келелі кездесу барысында бір ғасырға жуық ғұмыр тарихы бар ардагер қария Сұңғат Смағұлұлы өзінің Кеңес Одағының маршалы, Ұлы Отан соғысы кезіндегі қолбасшы, төрт мәрте Кеңес Одағының Батыры Георгий Константинович Жуковпен кездескенін есіне алып, соғыс жылдарындағы оқиғаларды, майдан даласында жау шебіне қарсы шайқасқан ерліктерін баяндап, тарих беттерінде шаң басып қалған күндерден әңгіме өрбітті. Мерекелік кездесуде облыс бас имамы ардагерлерге арнайы алғыс хат табыстап, оларға өкілдік атынан әзірленген сый-сияпаттарды ұсынды. Жеңісті күнді жақындатып, келешек ұрпаққа бейбіт күнді сыйлаған құрметті жандарға шексіз алғыстарын білдірді.
Ғасырға жуық ғұмыр кешсе де, оқ кезенген жаудың суық жанары, зеңбіректің ащы даусы, жауды шегіндірген жойқын шабуылы, жаралы жауынгердің жақындарына жазған хаты мен жеңіс күнін зарыға күтуі – бәрі де лентаға жазылған ескі кинофильмдей жадында жатталып қалған ардагерлер өткенмен жастарға өнеге болуы үшін бөлісті. Ал жанарларында «келешек ұрпақ мұндай зұлыматты мүлдем көрмесін» деген зор тілек жатты.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
ihsan.kz
Пікірлер