ОБЛЫС БАС ИМАМЫ ЕКІ БІРДЕЙ ИГІ ІСТІҢ КУӘСІ БОЛЫП ҚАЙТТЫ
ҚМДБ-ның Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы екі бірдей игі шараға қатысып қайтты. Берекелі істің бірі Балқаш қаласына қарасты «Теміржолшылар» мешітінде жүзеге асты. Мешіт жанынан жаңа сауат ашу орталығы ашылды. Мұнда жас шәкірттер дәріске қабылданып, діни сауат ашып, қарилар дайындалатын болады. Ислам діні білімге ерекше көңіл бөледі. Шара барысында облыс бас имамы орталықтың ашылу салтанатына қатысып, алдағы уақытта білім ордасынан тәлім алатын жастарға ізгі тілегін білдірді. Кезекті игі шараның бірі Сұрыптау елдімекенінде жүзеге асты. Мұндағы берекелі іс - мешіт құрылысы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алла Тағалаға қаланың өте жақсы орындары – мешіттері. Ал, қаланың өте жаман орындары – базарлары», – дейді. Мешіт – мұсылманның Жаратушысына құлшылық жасап, тәубеге келер, жанына жара салған хакім Абай айтқандай «қияметшіл дүниенің» кірінен тазарып, бар арман, үмітінің ақталуын тілеп, дұға жасайтын қадірлі үйі. Ал, мешіттің қабырғасынан діни уағыз тыңдап, білімін жетілдіріп, сауатымды арттырамын, ұстаздан тәлім аламын деген мұсылмандар үшін – тәрбие ордасы. Осы орайда облыс бас имамы аймақтағы салынып жатқан мешіт құрылысына қатысып, Өз бағасын беріп қайтты. Сондай-ақ, сауапты һәм шарапатт істің басы – қасында жүріп, берекелі істі қолға алып бастаған Қанат Өскенов есімді кәсіпкерге Өзінің алғысын айтып, батасын берді.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер