Қарағанды қаласының Төлеутай ата мешітінде өткен қасиетті Мәуліт кешінде орыс ұлтынан шыққан жас жігіт Ислам дінін қабылдады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлының қатысуымен өткен берекелі жиында мешіттің бас имамы Сайлау Жұмағұлұлы жиналған жұртшылықты Мәуліт мерекесімен құттықтады.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) атына салауаттар жолданып, Мәуліт жыры оқылған рухани кеште облыс бас имамы жұртшылыққа Алла Расулының (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен сыр шертіп, уағыз-насихат айтты. Соңынан жамағат арасында арнайы викториналық сұрақтар-жауап ойыны ұйымдастырылып, жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталды.
Қасиетті кештің берекесіне тұспа-тұс келген орыс ұлтының өкілі Алексей есімді азамат Ислам дінін қабылдады. Облыс бас имамы Естай Әбдіғали оған Кәлима шәһадат айтқызып, мұсылман болуымен құттықтады.
Сондай-ақ, ол бұдан былай өз таңдауы бойынша Әли есімімен аталатынын жеткізді. Жиналған жұртшылық Алла мен Пайғамбарды (с.ғ.с.) ұлықтап, қасиетті кештен мол рухани азық алып қайтты.
Пікірлер