«Әбілқас Сағынов» атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Дін және жастар» тақырыбында кездесу өтті.
Студенттердің діни сауатын арттыруға арналған іс-шараға ҚМДБ-ның Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Мұсабеков Нұржігіт Оразалыұлы және «Әнет баба» мешітінің ұстазы Джаримбетов Мұхит қатысты.
Кездесу жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы иммунитет қалыптастыру, дәстүрлі құндылықтарды насихаттау бағытында өтті.
Жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу шаралары бойынша жұмыс ең алдымен, өскелең ұрпаққа берілетін тәрбиемен ұштастырыла атқарылуы тиіс. Себебі бүгінгі жас буын ертеңгі елдің келешегін құратын, тізгініне ие болатын аға буынға айналмақ,- деп атап өтті Мұхит Джаримбетов өз сөзінде.
Қорытындылай келе, кездесуге қатысқан студенттерге діни тұрғыда мол түсінік беріліп, ислам діні туралы және осы дінде терроризм мен экстремизм ұғымдарының жоқ екендігі, сонымен қатар, теріс діни ағымды ұстанушылардан аулақ болу қажеттігі айтылды. Кездесу соңында аталған тақырып төңірегінде студенттер өз ойымен бөлісіп, пікір алмасты.
Пікірлер