ҚМДБ-ның Қарағанды қалалық «Әл Машани» мешітінің ұстаздары Бақытгүл Айтқалиқызы және Гүлжазира Ақназарованың ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 31 жыл толуына орай «Ызғарлы желтоқсан куәгері» атты оқиға куәгерімен кездесу кеші өтті.
Жиын қасиетті Құран оқумен басталып, «Әйел қыздар» секторының Қарағанды облысы бойынша жауапты өкілі Бақытгүл Айтқалиқызы Тәуелсіздікке жету жолында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ерекше маңызы жайлы насихат айтты. Кездесудің мақсаты сол кезеңдегі елге деген патриоттық рухы биік болған жастарды бүгінгі өскелең ұрпаққа таныстыру, насихаттау бағытында ұйымдастырылды.
Арнайы жүздесудің қонағы, желтоқсан оқиғасының куәгері Бейсенбаева Нурила апамыз мешіт шәкірттеріне жалпы оқиға қалай болғанын, сол кезде жастардың қалай рухтанғанын, елге деген махаббаттың күшімен қатал қыстың аязында аяусыз басшылықтың басқыншылық әрекетіне қалай қарсы тұрғандарын айтып берді.
Шара барысында мешіт ұстаздары дайындаған желтоқсан оқиғасы туралы арнайы бейне материал көрсетілді. Мешіт ұстазы Гүлжазира Ақназарова рухани кеш қонақтарына бейбітшілік пен Отанға деген құрмет хақында әсерлі насихат айтты. Сондай-ақ, жазушы Мұхтар Шаханов ағамыздың «Желтоқсан алаңы» атты өлеңі оқылды.
Шара соңында рухани кештің құрметті қонағы Бейсенбаева Нурила осындай игі отырысты ұйымдастыруға себеп болған мешіт ұстаздарына алғысын білдірді.
Егемен еліміздің бейбіт күн кешуі жолында желтоқсанның ызғарын төтеп берген Нурила апайымызға «Әл Машани» мешіті атынан "Ихсан-рухани тәрбие негізі" атты кітабы мен гүл шоқтары тарту етілді.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер