ҚМДБ Әйел қыздар секторының Қарағанды облысы бойынша өкілдігі ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектерге арналған «Мұсылман әйелдің тұлғалық бейнесі» атты рухани отырыс ұйымдастырды.
Әйел жамағатын берекелі дастархан айналасына шоғырландырған алқалы жиын облыстық «Әнет баба» мешітінде өтті. Өкілдікке қарасты Әйел қыздар секторының меңгерушісі Бақытгүл Айтқалиқызының «Салиқалы әйелдің сипаты» тақырыбындағы арнайы лекциясынан соң, қаладағы басқа да мешіт ұстаздары насихатқа толы әңгімелердің көшін жалғады.
Одан бөлек облыстық мешіттің екі наиб имамы Құмар Қоныскерей мен Нұржігіт Оразалыұлы ұрпақ тәрбиелеп отырған аналарға уағыз-насихаттарын айтып, игі бастамаға қолдау көрсеткен облыс бас имамы Естай Айтуғанұлының сәлемін жеткізді.
Шараға келген көнекөз әжелер де насихат мінберінен табылды. Соңынан ізін жалғап келе жатқан нәзік жандыларға өмірден түйген мол тағылымдарын бөлісті.
Кеш соңында әйелдер арасында сұрақ-жауап ойындары ұйымдастырылып, қатысушылар көкейкесті сұрақтарына тұшымды жауаптар алды.
Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер