Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен 31 мамыр – ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасына қатысқан ҚМДБ Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы Спасск мемориалындағы ескерткіш белгілеріне гүл шоқтарын қойды.
Облыс әкімі бастаған еске алу рәсіміне Еуроодақтың бірқатар елшіліктерінің өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары, аймақтың зиялы қауымы, дін қызметкерлері және жергілікті қала тұрғындары қатысты.
Шара барысында облыс бас имамы Естай Айтуғанұлы қуғын-сүргінге ұшыраған марқұмдардың рухына Құран бағыштап, дұға жасады. Сондай-ақ, жазықсыз қаза тапқан алаш және ұлт қайраткерлерінің ел мен жер үшін жасаған еңбектерінің салмағы өлшеусіз екенін тілге тиек етіп, тоталитаризм жылдарында зардап шеккен отандастарымызды еске алды.
Тарихи деректерге көз жүгіртер болсақ, 2004 жылы Қарағандыда қазақ жерінде жатқан саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлығына ескерткіш орнатылған болатын. Спасск зиратында 50-ден астам ұлт өкілдерінен шыққан 5000-нан астам адам жерленген.
Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер