ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен Қарағанды облысында биыл құрбан шалу офлайн және онлайн жүзеге асып, 3 929 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді.
Құрбан айттың алғашқы күні ҚМДБ-Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы арнайы құрбандық шалуға арналған қасапханада алғашқы құрбандық малының батасын жасап, ел мен жердің тыныштығы үшін дұға жасады.
«Зекет және қайырымдылық» қорының Қарағанды облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен облыс бойынша көмекке мұқтаж отбасыларға үш күнде 34 тонна 545 кг ет үлестірілді. Тарқатып айтқанда, офлаин 1116 қой, 124 ешкі, 34 ірі қара және онлайн сайт арқылы 44 қой, 8 ешкі, 3 ірі қара құрбандыққа шалынды. Барлық мәліметті жинақтап айтқанда, облыс бойынша 3 929 отбасыға құрбандық еті таратылды.
Игі шараға дін қызметкерлері, жергілікті жамағат және еріктілер тобы ат салысты. Алла Тағала шынайы ниетпен құрбан шалып, мұқтаж отбасыларға мерекелік қуаныш сыйлап, сауапты іске ортақтасқаны үшін барлық азаматқа разы болғай!
Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер