ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлының тапсырмасымен облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Қоныскерей Құмарұлы Бұқар Жырау ауданына арнайы іс-сапармен барды.
Қоныскерей Құмарұлы бастаған дін қызметкерлерін жылы шыраймен қабылдаған аудан әкімінің орынбасары Арман Шалиұлы жергілікті имамдардың ауданның рухани өміріне қосқан үлесінің ерекше екендігін атап өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары бастаған жер бөлімі мен ішкі саясат бөлімінің мамандары, елдімекендердің басшылары мен аудан әкімінің орынбасарлары қатысты.
Жергілікті мешіттердің тыныс-тіршілігіне қатысты әңгімеде мешіт құрылыстары, дін қызметкерлерінің жағдайы, мешіттерді құжаттандыру сынды мәселелер ортаға салынды.
Сонымен қатар, қайырымдылық жұмыстарын бірлесіп атқару, асыл діннің насихаты, жат ағыммен күрес тақырыбы сөз болды.
Сондай-ақ әкімдік ауданның діни ахуалына мүмкіндігінше қолдау көрсетіп, бірлесіп қызмет атқаратындығын жеткізіп, имамдармен ұлттық құндылықтармен рухани тәрбиені насихаттау, дамыту бағытында бірқатар шаралар жасауға келісті. Қоныскерей Құмарұлы дінімізге жанашырлығы үшін аудан әкіміне алғыс білдірді.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер