ҚМДБ «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, Абай аудандық орталық мешітінің жанынан жоспармен салынған мәйітхананың ашылуына қатысты.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ жанынан құрылған «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығына бүгінгі талап пен талғамға сай қызмет атқаруды, жұмыстарды жетілдіруді тапсырған болатын.
Осы орайда, ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлының ұйымдастыруымен және аудан имамы Асхат Қанайұлының мұрындық болуымен Абай аудандық мешіті жанынан жаңа мәйітхана ғимараты бой көтеріп, халықтың қолданысына берілді. Мәйітхананың ашылуына орталықтың директоры Мейрамбек Қабылбекұлы, Қарағады облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы, орталықтың Қарағанды облысы бойынша филиал директоры Бақдәулет Қыдырбайұлы және әр мешіттен жауапты мамандар мен қала мешіттерінің бірқатар имамдары қатысты.
Салттық діни рәсімдер орындалатын ғимарат барлық талаптарға сай жабдықталған. Шара барысында орталықтың директоры Мейрамбек Қабылбекұлы мәйітті жуындыру, оны кебіндеу барысында ескерілуі керек жайттарды түсіндірді.
Ғимараттың ашылу салтанатына жиналған аймақ жамағаты осындай игі істі жүзеге асырған дін қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді. Одан кейін, аудандық мешіт жанындағы асханада арнайы жайылған дастархан басында бас қосты.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер