ҚМДБ - ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Әйел-қыздар» секторының Қарағанды облысы бойынша өкілдігінің және «Дін мен дәстүр» бағытының бірлесе ұйымдастыруымен ұлттық нақышта қайырымдылық жәрмеңкесі болып өтті.
Ұлттық құндылықарға негізделген шараға ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы бастаған дін қызметкерлері, қала қонақтары және «Хусамуддин ас-Сығанақи» атындағы ислам институтының оқытушылары, профессор Ясир Ахмед Мурси Мухаммед Сетохи және Махмуд Мухаммед Махмуд Мухаммед Хассан арнайы қатысып, қолөнершілер мен коллиграфия шәкірттерінің, зергерлер мен тігіншілердің еңбектерін тамашалады.
Жәрмеңкеге мешіттің әйелдер жамағаты мен шәкірттер қауымы және қолөнершілер өз үлестерін қосты.
Көрмеге ақын-жазушыларымыздың кітаптары, қазақы оюмен өрнектелген құрақ көрпелер, әртүрлі әшекей тастан, ағаштан ойылып жасалған бұйымдар мен кестеленген ерекше үлгідегі сөмкелер қойылды.
Көздің жауын алатын бұйымдар көпшіліктің қызығушылығын тудырып, қол өнер шеберлігіне таңданыстарын білдіріп жатты.
Облыс бас имамы Астана қаласынан келген ұстаздарды қазақтың ұлттық құндылықтарынан хабар беретін жәдігерлермен таныстырып, салт-дәстүрміз бен әдет-ғұрпымыздан хабар берді. Шара барысында күйшілер күй шертіп, дәстүрлі әндер орындалды.
Бұдан бөлек, дін мен дәстүр аясында тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылып, табаны жерге тиіп, қаз-қаз басқан сәбидің үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамы кесілді.
Кеш барысында мешіттің ақ жаулықты әжелер қауымы қазақы дастархан жайып, барша дін қызметкерлері мен құрметті қонақтар берекелі дастархан басында бас қосты.
Шараның басты мақсаты ата-дәстүр салтымызды жаңғыртып, жамағатқа насихаттау.
Айта кетейік, ұйымдастырушылар жәрмеңкеден түскен қаржы түгелдей қайырымдылыққа жұмсалатынын мәлімдеді.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер