ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен республикамыздың түкпір-түкпірінде өтіп жатқан қасиетті мәуліт кеші Қарағанды облысы, Бұқар Жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылдық «Қажыбай қажы» мешітінде жоғары деңгейде аталып өтті.
Мерекелі рухани кеш Құран оқумен басталып, жиналған жамағат пайғамбарға салауаттар жолдады. Одан кейін, Қарағанды облысының бас имамы Естай Айтуғанұлы арнайы сөз алып, барша жамағатты қасиетті мәуліт мерекесімен құттықтап, батасын берді.
Рухани кеште Астана қаласынан арнайы келген Республикалық Бас мешіттің ұстазы Мұртаза қари Ертайұлы Балахмет мәуліт жырын оқыды.
Одан кейін, қасиетті кешке шақыртумен келген құрметті қонақ, белгілі ұстаз Нұрсұлтан Рысмағанбетұлы Үштөбе жұртшылығын мәуліт айымен құттықтап, Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибратты ғұмырынан сыр шертетін әсерлі уағыз-насихатымен бөлісті. Белгілі ұстаздың насихатын тыңдауға келген жамағаттың саны қалың болды.
Халыққа рухани азық беріп, айтулы кештің берекесін кіргізген құрметті қонақтарға барша жамағат ризашылықтарын білдіріп, қазақы дәстүр бойынша иықтарына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Бұдан бөлек, берекелі кештің құрметіне орай Ұмра қажылығына екі жолдама ойнатылып, мешіттің тазалықшы Күлкебаева Гүлмира Серікбайқызына және мешіттің есепшісі әрі шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Қалқаманұлына қаситті мекенге жетелейтін ұлы сапардың сертификаттары табысталды.
Сондай-ақ, «Менің сүйікті мешітім» атты байқаудың қорытындысы жарияланып, сайыс жеңімпаздары марапатталды.
Одан кейін, мешіт асханасында берекелі дастархан жайылып, дүйім жұртқа ас берілді. Мәуліт айынан тәбәрік ретінде барша қонақтарға кәде сыйлықтар, құрма мен кітаптар тарту етілді.
Мәуліт мерекесінің соңында облыс бас имамы осындай рухани шараны ұйымдастырған Үштөбе ауылдық «Қажыбай қажы»мешіттерінің ұжымы мен дін қызметкерлеріне және демеуші жамағатына алғысын білдіріп, елдің бейбітшілігі мен тыныштығы үшін дұға жасады.
ҚМДБ Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі
Пікірлер